Әріптесіміз академик атанды

Қазақстан журналистика академиясы тағы бір академикпен толықты. Almaty tv арнасының бас директоры Нұржан Жалауқызы Қазақстанның журналистика академиясының 2021 жылғы 26 қаңтардағы жалпы жиналысының шешімімен Академияның толық академик-мүшесі болып сайланды.

3 наурыз күні телеарна ғимаратында белді журналистер жиналып, Академия президенті Сағымбай Қозыбаев дипломды өз қолымен табыстады. Марапаттау рәсіміне Мұрат Әуезов, Валерий Айтмұқашұлы, Сейітқазы Матаев, Төлеміс Бақтыбайұлы мен телеарна ұжымы қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

«Бүгін Нұржан Жалауқызы Қазақстан журналистика академиясының академигі атанды. Мен Нұржанмен 90-жылдардан бастап таныспын, «Internews Network»-та жұмыс істеді, Қазақстан теле-радиокорпорациясын басқарды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы 10 жылдығында жаңа заңдар шыға бастады, соның ішінде баспасөз туралы заңның түзілуіне үлкен үлес қосты. Журналистика саласында талай жыл еңбек етіп келе жатқан Нұржанның басшылық қызметін де атап өтпеуге болмайды. Еңбегі жанып, еленіп жатқанына біз шын жүректен қуаныштымыз», – деді Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

«Аязды қыс ызғары қайтып, ерекше жылылығымен, мейірім шапағымен ерекшеленетін көктем келіп жетті. Осындай мамыражай уақытта жақсы жаңалықтың лебі есті. Бүгін академиктер қатарына өте лайықты адам таңдалды. Мен Нұржан Жалауқызымен етене араласпасам да, адамның жанарынан-ақ оның кемел ақылын, адамгершілігін байқауға болады. Сондықтан жауапкершілігі мол мұндай қызметте еңбегі жана берсін дегім келеді», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.

«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Мұхамеджанова Нұржан Жалауқызы еңбек жолын Қазақ радиосында балалар және жастар бағдарламаларының редакторы қызметінен бастады.

1991 жылы Қазақ радиосында «Шалқар» ақпараттықталдау бағдарламалары редакциясының бас редакторы болып тағайындалды.

1992–1994 жылдары Қазақ радиосының саяси шолушысы және Бас директорының бірінші орынбасары.

1995–1997 жылдары ҚР Президенті баспасөз қызметінің қызметкері болды.

1997 жылдан 2006 жылға дейін Қазақстандағы «Internews Network» халықаралық ұйымы өкілдігінің атқарушы директоры, директордың орынбасары болып жұмыс істеді.

2006–2011 жылдары «31 арна» ТРК басқарды.

2011 жылдың шілдесінен 2016 жылға дейін «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы болды.

2016 жылдан бастап «31 арнаның» бас продюсері, «Қазақ Радиолары» ЖШС Бас директоры болып жұмыс істеді.

Ал 2019 жылдан бері «Almaty» телеарнасының басшысы.

 

Динара МҰРАТ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *