Риддерде төтенше жағдай жарияланды

Риддерде төтенше жағдай жарияланды
Сурет: Ашық дереккөз

Риддердегі жылу электр орталығында тағы да оқыс жағдай болды

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

21 наурызда Риддердегі жылу электр орталығында тағы да оқыс жағдай болған еді. Екі қазандықта өрт шығып, үйлерде жылу температурасы азайған.

Сол күні қызыл жалын ауыздықталып, жылу электр орталығында жылыту маусымы аяқталғанға дейін өрт сөндірушілер кезекшілік ететіндігі хабарланды.

Ал 23 наурызда орталықта жарылыс болды.

Соған орай бүгін Риддерде өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланып отыр.

«Жылу электр орталығының жұмысында үлкен кемшіліктер бар. Оның жаңа иесі «RNGK» компаниясы қаңтардан бастап ешқандай жұмыс жүргізбеген. Өткен кезеңде үш миллиард теңгеден астам берешек қалыптасты, мазут, көмір, электр энергиясын жеткізуде олқылықтар болды. Сонымен қатар қараша айынан бастап шұғыл жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген компанияларға еңбекақы төлеу әлі кешіктіріліп жатыр», - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, қазір ЖЭО-ның жылыту маусымының соңына дейін жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін орталықты басқаруды әкімдік қолға алуға мәжбүр.