Рейхстагқа ту тіккен батыр

Рейхстагқа ту тіккен батыр
baribar.kz

    Рахымжан Қошқарбаев. Көкірегімізде ерекше көңіл мен мақтаныш сезімін ұялататын осы бір есімді білмейтін қазақ, осы батырдың ерлігін қайталауды армандамайтын жас ұрпақ жоқ болар, сірә. Өйткені, Рақымжан ерлігі – еріксіз бас идіретін ерен ерлік.

    Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Ақмола ауданында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген. 1944 жылы қазан айынан бастап I Белорусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты. Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30-сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды.

    Р.Қошқарбаевтың майдандағы соғыстарға қатысуы мерзімді баспасөзде және көркем әдебиетте жан-жақты жазылды. Берлиннің өзінде болған соғыстарда ол өзінің взводымен ең алдыңғы шептерде болды. Король алаңына – «Гитлердің үйіне» бірінші болып жетті. I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды. Одер өзенінен өтудегі қанды шайқастан кейін оны партия мүшелігіне қабылдады. Ал партия билеті аса маңызды бекіністі және саяси маңызды мақсатқа жетудің мадақтау белгісі ретінде «Гитлердің үйінде» табыс етілді. Осында «Гитлердің үйінде» барлау взводының командирі, лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық берілді. Жалауды оған батальон командирі Давыдов және саяси жетекші Васильченко табыс етті. «Гитлер үйі» мен Рейхстагка дейін арақашықтық 360 метр ғана, бірақ ол жан-жағынан оқ жаудырылған ашық алаң үстінде еді. Лейтенант Қошқарбаев өзінің жауынгерлерімен бұл қанды метрлерді толассыз атылған оқтың астында 7 сағатта, жерге жабыса еңбектеумен өтті. Рейхстагқа ол Григорий Булатов деген солдатпен бірге жетті және бұйрықты орындап, Рейхстагтың фронтонына туды тікті. Бұл сәуірдің 30-ы күні 18 сағат 30 минутта болған еді. Тарихи ерлік жайындағы бұл хабар бүкіл әскери бөлімдерді шарлады, баспасөзде кеңінен хабарланды.

    Ол «Қызыл Ту», I дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Халық қаһарманы атағы Р.Қошқарбаевқа 2001 жылы берілді. Өзі 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында дүниеден озған.

     

    Әзірлеген Айнұр СЕНБАЕВА.