Ревакциналауға «Спутник Лайт» препараты қолжетімді болады

Ревакциналауға «Спутник Лайт» препараты қолжетімді болады
Сурет: БелТА

Препарат Қазақстанға жеткізілді.

«Спутник Лайт» препаратының 150 000 дозасы ақысыз негізде берілетін болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Қарағанды фармацевтикалық кешеніне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарды, фармацевтикалық нарықтағы көп жылғы жемісті ынтымақтастықты, сондай-ақ соңғы күндердегі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға елеулі әсер еткен қайғылы оқиғаларды ескере отырып, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС (ҚФК) акционерлерімен коронавирус инфекциясы таралуының алдын алуға қарсы күресте көмек көрсету туралы шешім қабылданды.

Қазақстанға ревакциналау үшін Гамалея атындағы ҒЗО әзірлеген COVID-19-ға қарсы бір компонентті «Спутник Лайт» препаратының 150 000 дозасы ақысыз негізде берілетін болады.

20 қаңтарға дейін «Спутник Лайт» вакцинасы Нұр-Сұлтан қаласындағы СҚ-«Фармация» қоймасына беріледі.         

Қазақстан халқын иммундау үшін ҚФК бірінші болып өткен жылдың ақпан айында «Спутник V» вакцинасын жеткізуді және өндіруді жүзеге асырғаны белгілі. СҚ-«Фармация» бірыңғай дистрибьютерімен мемлекетаралық шарт шеңберінде Қарағанды фармацевтикалық кешені қазақстандықтарды вакцинаның 7 000 000 дозасымен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерін толық көлемде орындады.          

Вакциналар өндіруден басқа, ҚФК әлеуметтік мәні бар ауруларды-гемофилия, онкология, вирустық гепатиттер, қант диабеті, сондай-ақ орфандық ауруларды емдеуге арналған биотехнологиялық дәрілік препараттардың үлкен желісін шығарумен айналысады. Кәсіпорын бұл бағытта 2005 жылдан бері жұмыс атқарып келеді.