Ресейліктерге Қазақстан ЖСН-і не үшін қажет?

Ресейліктерге  Қазақстан ЖСН-і не үшін қажет?
inaktau.kz

Қазақстанда биылғы наурыз айында жеке сәйкестендіру нөмірін алған ресейліктердің саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 14 есеге артқан, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, өткен жылы Ресейдің 14 717 азаматы ЖСН алған. Ал 2022 жылдың алғашқы үш айында 12 840 ресейлікке ЖСН берілген.

«Қазақстанда тіркелген ресейліктер саны 2022 жылғы наурызда өсе түсті. Бір ай ішінде 10 995 Ресей азаматы ЖСН алған. Ал 2021 жылғы наурызда 783 адам алған, салыстырмалы түрде өсім 14 еседен асады», - делінген хабарламада.

Ведомство Украина азаматтарына қатысты бұл сан айтарлықтай көп емес екенін жеткізді. 2021 жылы Қазақстанда 1 087 украиналық ЖСН алса, биыл бұл көрсеткіш аз ғана өскен. Қаңтарда 42 украиналық ЖСН алған, ақпанда - 80, ал наурызда - 198 адам.

Айта кетейік, шетелдіктерге Қазақстан ЖСН-і банктен шот ашу кезінде, Қазақстанда орналасқан көздерден табыс аларда, салық салынатын мүлікті, мысалы, автокөлік сатып аларда керек. Сонымен қатар Қазақстан резиденті - заңды тұлғаның басшысы немесе резидент емес - заңды тұлға филиалының басшысы болып тағайындалғанда қажет.

Шетел азаматтарына ЖСН алу үшін Қазақстанда болу міндетті емес. Оны сенімхат негізінде де жасауға болады.