Ресейден Қазақстанға 50 компания көшіп келеді – Әлихан Смайылов

Ресейден Қазақстанға 50 компания көшіп келеді – Әлихан Смайылов
Сурет: Ашық дереккөзі

І тоқсанның қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестиция ағыны 54% ұлғайған

Қазақстанға өндірістерді релокациялауға барынша қолдау көрсетіледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушыларының X форумының пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Шетелдік өндіріс орындарының елімізге релокациясы Қазақстанның машина жасаушыларына қандай мүмкіндік береді?» деген сұрақ қойылды Үкімет басшысына пленарлық отырыста.

«Қазіргі саяси жағдай ұлттық экономикамызға жағымсыз сыртқы факторлар әкелді, дегенмен, белгілі бір мүмкіндіктер де туғызады. Әзірге көрші елде өз өндірісін жауып, кеңселерін Қазақстанға ауыстыруға ниет білдірген 50-ге жуық компания бар. Біз қазір олармен нақты келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оларға арнайы экономикалық аймақтарда орын беріледі, инвестициялар жөніндегі заңнамада көзделген арнайы инвестициялық келісімдерге қол қойылады, өндіріс құрып, табыс табу кезеңіне салықтық басымдықтар беріледі», - деп жауап берді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, сегіз айдың қорытындысы бойынша біздің экономикамыздағы негізгі капиталға инвестиция нақты мәнде 6% өсті.

І тоқсанның қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестиция ағыны 54% ұлғайған.

«Шетелдік өндірістерді релоакциялау есебінен қосымша инвестициялардың келуі – әрине, жаңа жұмыс орындарын құру, салық салу базасын кеңейту ғана емес, жаңа технологиялар мен жаңа стандарттар, отандық машина жасаушылардың және жалпы өңдеу саласындағы өндірушілердің бәсекеге қабілетін арттыру, сондықтан біз осындай өндірістерді релокациялауды барынша ынталандыра береміз», - деді Үкімет басшысы.

Бұған дейін Премьер-Министр отандық машина жасау саласының республика экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты.

Мәселен, индустрияландыру жылдары машина жасаудағы өндіріс көлемі 6 есеге өсіп, 2,3 трлн теңгеге дейін көтерілді.

Саланың өсімі соңғы 3 жылда орта есеппен 20%-ды құрап отыр.