«РЕКОРДТАР ФАБРИКАСЫ» ЕСКІРМЕЙДІ

«Медеу» мұз айдынында конькимен сырғанауды тегін үйренесіз
Әлемдегі ең биік орналасқан мұз айдыны – «Медеу» кезінде Кеңестер Одағының мақтанышы болып, «Рекордтар фабрикасы» атанған. Салынғанына жарты ғасырдан асқан «Алатау маржаны» бүгінгі күні де алматылықтар мен қала қонақтарына қызмет етуде.
«Медеу» мұз айдынында «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында конькимен сырғанауды тегін үйрету сабақтары жалғасуда.
Жиырмаға жуық тәжірибелі жаттықтырушылар «Медеу» қонақтарының кез-келгенін аптаның әр сенбі, жексенбісінде тегін үйретуде. Соңғы демалыс күндері де «Медеуде» қонақтарға жобаны ұйымдастырушылар көптеген сыйлықтар табыстап, концерттік бағдарламалар өткізді. «Медеу» бапкерлерінің айтуынша, осы бағдарлама арқасында келушілер саны көбейді, өйткені, барлығы коньки тебуді тегін үйренгісі келеді.
– Біз барлық келушілерді коньки тебуге үйретеміз. Ал коньки тебе алатын қонақтардың түрлі әдістерді меңгеруге мүмкіндіктері бар. Жалпы, біз қонақтарға конькиде сенімді тұруына көмектесеміз, – деп атап өтті «Медеу» жаттықтырушысы Наталья Улитина.
Айта кетер жайт, билеттер мен конькиді жалға алу Медеудегі прейскурантқа сәйкес беріледі. Конькимен сырғанауды ақысыз түрде үйрету сабақтары желтоқсанның 24-іне – дейін жалғасып, келесі жылдың қаңтар айында қайта іске қосылады.
– Бүгін мен коньки жаттықтырушымен жүріп үйрендім, маған өте ұнады. Бұл менің бірінші тәжірибем, бірінші рет конькиге тұрдым. Жаттықтырушы Наталья барлығын түсіндіріп, тежеуді де үйретті. Осындай мүмкіндік үшін ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіремін, – дейді Диана Мүсірепова.
Спорттық шараның басты мақсаты – қаладағы бұқаралық спорт түрлерін дамытып, қала тұрғындары мен қонақтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Акция «Спорттық Алматы» бағдарламасына биылғы жылдың 25 ақпанында қосылған болатын.
«Спорттық Алматы» бағдарламасы қаладағы бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.
Айдана ӘДІЛБЕКОВА,
Алматы қаласы ДШжС басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі.