Референдумнан кейін қандай өзгеріс болады?

Референдумнан кейін қандай өзгеріс болады?
Сурет: NewsHub.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сұраққа жауап берді.

Бүгін дауыс беріп жатқан Конституция баптарын жүзеге асыруымыз керек, деді президент, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдумның оң нәтижесі шыққан жағдайда біраз жұмыс атқару қажет болатынын мәлімдеді.

«Алдымызда біраз жұмыс бар. Бүгін дауыс беріп жатқан Конституция баптарын іске асыруымыз керек. Заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, партия мен парламентке қатысты түзетулер бар. Меніңше, біздің парламентіміз ол жұмысты абыроймен атқара алады. Бүгін халқымыз дауыс беріп жатқан жаңалықтар еліміздің қоғамдық өміріне көптеген өзгеріс әкеледі. Шын мәнінде, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынас парадигмасы өзгереді. Адам құқықтары бірінші орынға шығады» , - деді Тоқаев референдум аясында өткен брифингте.

Осы орайда президент Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жаңа мәртебе берілетінін ерекше атап өтті. Ал мемлекет басшысы халқына адал қызмет етуге және Конституцияны қатаң сақтауға міндетті. Тоқаев оны басты қағида ретінде ұстанатынын жеткізді.

«Алдымызда тұрған мақсатымыз, жұмысымыз өте ауқымды. Бәріміз ұлт болып, ел болып, жұмыс істеуіміз керек. Еліміздің қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатер аз емес. Сондықтан еліміз өте қырағы болуы керек. Бәріміз бір жұдырық болып, қауіп-қатерге тойтарыс беруіміз керек», - деп атап көрсетті Тоқаев.