Референдум: Конституцияға енгізілетін түзетулердің маңыздылығын депутаттар түсіндіреді

Референдум: Конституцияға енгізілетін түзетулердің маңыздылығын депутаттар түсіндіреді
Сурет: Qazaqtv.com

Саяси шара мен Конституцияға енгізілетін түзетулердің маңыздылығын депутаттар түсіндіреді.

Алдағы жалпыұлттық референдум және азаматтар мен мемлекеттің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтетін негізгі заңға енгізілетін өзгерістер еліміздің барлық өңірінде талқыланып жатыр. Осы мақсатта халық қалаулылары тұрғындармен кездесулер өткізуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

"Сайлаудағы үлкен бір мәселе. Мемлекет басшысы ұсынған супер президенттік жүйеден президенттік парламенттік жүйеге ауысу. Бұл өте орынды деп есептеймін. Себебі Президент бір қатар өзінің өкілеттерінен бас тартып Парламентке беріп отыр. Бұл өте құптарлық", - деді ҚР Парламенті Сенатының Депутаты Абдалы Нұралиев.

Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата заңдағы 33 бапқа енгізілмек. Қостанай облысының қадағалау органында Парламент Сенатының депутаты Владимир Волков прокуратура қызметкерлерімен кездесті. Сенатордың айтуынша, өңір тұрғындарын жер, заң алдындағы теңдік пен адам құқықтарын қорғауға қатысты түзетулер көбірек қызықтырады. Бұл ретте Конституцияға енгізілген толықтырулар прокуратура органдары қызметінің тәртібін айқындайды. Оның өкілдері конституциялық сотта азаматтардың мүддесін қорғайтын болады.

"Қазір түрлі құқықтық нормаларды Конституциялық кеңес түсіндіреді. Алайда халық ол органға тікелей жүгіне алмайды. Оның жұмысы келер жылға дейін жалғасады. Ал 2023 жылдан бастап адамдардың арызын қарайтын Конституциялық сот құрылады. Бұл органның болуы – заң үстемдігінің бір белгісі деп түсінуіміз керек", - деді ҚР Парламенті Сенатының Депутаты Владимир Волков.