Ратай Сұлтанбеков - аңыз тұлға!

Ратай Сұлтанбеков - аңыз тұлға!
Суреттер: К.Сұлтанбеков

Жасындай жарқ еткен ғұмыр!!!

Қазақта бұл фәниден батыр да, ақын да, дарын да өткен. Соның ішінде жасындай жарқ еткендері некен-саяқ. Небәрі 21 жасында комбат болып, екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақтың өр мінезді, қайсар ұлы Ратай Сұлтанбековтың жөні бір бөлек. Биыл даңқты тұлғаның туғанына 100 жыл толды. Осы орайда батырдың немере інісі, туысы әрі мұраларын жинаушы, жаңғыртушы Кенішбек Сұлтанбековты әңгімеге тартқан едік.

– Кенішбек аға, Ратай Сұлтанбеков майдан даласына қалай аттанды, кеңірек тоқталсаңыз?

– Бұл кісі соғысқа Алматының Алмалы ауданынан аттанады. Нақтырақ айтсақ, қараша айында кетеді. Осындағы әскери комиссариаттан Украинаның Львов қаласына жолдама береді. Сондағы атқыштар дайындайтын училищеде жаттығады. 1941 жылы соғыс басталғанда, сол жақтан майданға жіберіледі. Осылайша қан майданға взвод командирі ретінде қатынасады. Сөйтіп, командир болып жүргенде, 1943 жылы Әбу Сәрсенбаев барады. Сонда Омарғали Құдышев деген кісі болған. Полктің бас редакторы екен. Ол Солтүстік Қазақстанның тумасы, жауынгер қаламгердің бірі. Бәрі қатарлас болған. Ратай ағамызды кіші Бауыржан Момышұлы атапты. Кезінде Әбу ақсақалдың үйде болдық. Үш рет сұқбаттасқанбыз. Көп естелік айтқан. Оны алда айтамын.

Батырымыздың ел біле бермейтін ерекше қырлары туралы айтсаңыз?

– Сонда, жазушының пікіріне қарағанда, ерекше адам болыпты. Ертең шабуылға шығатын болса, бүгін түнімен ұйықтамайтын дейді. Қаншама уайым шегіп, қаншама жігерді алдын ала жұмсап, ойластырып отырған. «Ертең қанша үйге қара қағаз жіберем» деп ұйқы көрмейтін дейді. Адамгершілік қасиеті, кісілігі жоғары адам болыпты. Сол батальонда егде адамдар да соғысыпты. Солардың бәрінің үйінде неше жан, оның бала-шағасы - бәрін біліп отырыпты. Көрдің бе?! Тағы бір оқиға. Қарсы полктерде әкесі немесі ағасы, туысы болса, соған түнде кездестіруге жіберіпті. Қандай адамгершілік! Өздерінің батальондарының туына дейін болғанға ұқсайды. Қол астында әр жақтан жиылған 700-дей сарбазды ұйыстырады. Таң қаласыз. Бұл сол Әбекең айтқан естеліктердің бір парасы еді.

Өзіңіз ойлаңыз?! Балалар үйінде өседі. Шамамен 10 жасында тапсырылған. Өте сауатты. Орысша және қазақша ағып тұр. Ұзын бойлы. Қарулы, қуатты. Өткір әрі жігерлі. Өңі келіскен жігіт. Нағыз бұрынғының батырларындай. Оның атасы да батыр болған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде көзге түсіпті. Байназар атты бабасы қалмаққа қарсы кезекті соғыста ерлік көрсетеді. Сол уақытта жараланғанына қарамастан, өз жарасын өзі тігіпті. Не деген батырлық десеңізші?! Қанда барғой.

– Жас ұрпаққа өнеге деп қай қырын айтар едіңіз?

– Еее, шырағым. Қай жағынан алсаң да, үлгі-өнегесі жетеді. 20-дан асқан шағында комбат басқару өнеге емей немене?! Нағыз өнеге деп осыны айтамыз. "Қызыл жұлдыз" орденінің бірнеше мәрте иегері атанады. Мұның барлық дәлелдемелері құжат түрінде бар. Архивтерде де сақтаулы.

Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» деп жүрміз. Өте жақсы ой.  Сөз басында айттым ғой. Академияда оқыған бірінші қазақ екен. Ар жағын өзіңіз бағамдай беріңіз. Негізі, көбісі ол оқуға генерал атанғаннан соң баратынға ұқсайды.

Соғыс уақытында жараланып елге келеді. Төртінші мәрте контузия алады. Содан майданға аттанбас бұрын болашақ ойларымен бөліседі. Туыстарына мамыр айында соғыс бітетінін, ары қарай әскери жағын жалғастыратынын айтады. Бұл қарап тұрсаңыз, ағамыздың 10 қаңтарда айтқан соңғы сөздерінің бірі екен. Бұл кісі үш орденнің иегері. Нағыз батыр. Мұны қайталап айта беруге де болады. Өнеге деген осындай деп білем. Халқымыздың арда ұлы, қайталанбас тұлға. Әбу Сәрсенбаев дейтін қазақтың біртуар жазушысы бірде: «Кеңес Одағының батыр атағын алатын бірден-бір жан болса, осы біздің Ратай Сұлтанбеков еді», - деп көзіне тебірене жас алыпты. 

Әлі де айтылар ойлар жеткілікті. Десе де, қысқаша қайырғанда, айтатын ой біреу. Биыл ол кісінің 100 жылдық мерейтойы. Бар ойымыз қазақтан шыққан тұңғыш комбат, 21 жасында батальон басқарған тұлғаның есімі өшпесе, өзі туған Жамбыл облысы, оқыған Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларында ұлықталса дейміз. Көше беріліп, мерейтойы қарсаңында билборд ілінсе, нұр үстіне нұр болмақ. Өйткені, ол біз үшін, халқы үшін күресті. Қан майданда жан берді. Қорытып айтқанда, ерліктің ерен үлгісін танытты. 

– Сұқбатыңызға рақмет, ер есімі ел есінде сақталып, ұлықталарына сенеміз!