Рамазан айындағы пайдалы тағамдар

Рамазан айындағы пайдалы тағамдар
www.youtube.com

Қасиетті Рамазан айында асқазаныңызға күш түсірмейтін, денсаулыққа пайдалы тамақтарды ішкен дұрыс. Өздеріңіз білетіндей, оразада мұсылмандардың ас ішу режимі өзгереді. Аштықты сезінбей, әлсіремеу үшін сәресін жібермей, міндетті түрде тамақтанған абзал.

«Сәресіні ішіңдер! Расында сәресінде береке бар» дейді ислам ғұламалары. Осы ретте күні бойы ағзаңызға күш беретін тағамдар жайлы айтсақ дейміз.

Жалпы, адам баласы ораза ұстауды бастаған кезде, айналасы 1 аптаның ішінде ағзада глюкозаның бөлінуі өзгере бастайды екен. Мұның әсерінен адамның басы айналып, әлсіреуі әбден мүмкін. Бірақ айналасы 4-5 күнде организм бейімделіп, кешкі сағат 19.00-20.00-де ас ішуге үйрене бастайды. Ас-мәзіріңізде міндетті түрде ақуыздарға бай тағамдар болғаны дұрыс.

Мысалы, ет, бұршақ, жаңғақ, ботқа, көмірсулар болғаны абзал. Мамандардың пікірінше, күрделі көмірсуларды көбірек тұтыну керек. Яғни ботқаның барлық түрі, көкөністер мен жеміс-жидектер жатады. Сондай-ақ, қолдың майын, сұйық май, зәйтүн майларын да қолданған жөн. Осылайша ішектің жұмысын жақсартуға да күш саласыз. Сәресіде майлар мен ақуыздарға көңіл бөліңіз. Мысалы, шұжық, жылқының еті, жұмыртқа, қолдың сары майы қосылған ботқаны ішсеңіз, күні бойы тоқ жүресіз. Ауызашар кезінде тойып тамақтанбауға тырысу керек. Асқазаныңызға жеңіл болу үшін алдымен су мен құрмадан дәм татыңыз, 15 минут тамақтаныңыз. Аз-аздан жеген асыңыз бойыңызға сіңімдірек болмақ. Ауыз ашқаннан кейін барынша жиі әрі көбірек су ішу керек.

Дұрыс тамақтану арқылы иммунитетті күшейте аламыз. Ораза аяқталған соң күніне 5-6 рет аз-аздан тамақтану керек. Сондай-ақ, фаст-фуд тағамдарын азайтыңыз. Тағамды қорытамын деген ниетпен көмірсу, газдалған сусынды ішпеңіз. Себебі, енді ғана күнделікті тамаққа үйреніп келе жатқан асқазанға ауырлық түсіруі мүмкін. Кино көргенде, әңгіме арасында кириешки, чипси, тәтті тағамдардан өзіңізді шектеңіз. Оның орнына кептірілген жемістер, қытырлақ нандар жеңіз. Көктем – адам ағзасының әлсіреп, дәрумен тапшылығының пайда болатын шағы. Биыл жылдың бұл мезгілі қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Сол себептен дұрыс тамақтану арқылы денсаулығыңызды сақтаңыз.

Ауызашарға арналған тағамдар:

  • талқан, тары;
  • күріштен жасалған жеңіл тағам;
  • қарақұмық, құрма;
  • сұлы жармасы;
  • табиғи шырындар: морс, каркаде, компот;
  • көкөністер;
  • кептірілген көкөністер;
  • жалбыз шайы, көк шай;
  • сүт өнімдері;
  • ет, құс еті, балық.

Маман кеңесі

Салтанат БОЛАТБЕКҚЫЗЫ, кәсіби диетолог:

Суды көбірек ішіңіз

Әр адамның ішкі қоры бар. Бұл – бүйрек, бауыр мен асқазан майлары. Ал іштегі май 80% судан тұрады. Су ішпегендіктен, оразаның алғашқы күндері организм қиналуы мүмкін. Бірақ ары қарай ағза мұны түсінеді де, күндіз су мөлшерін ішкі қордан алады. Осылайша ағзада өздігінен тазалану процесі жүреді. Кей адам осы сәтте арықтайды. Ал дұрыс тамақтанбағандар, керісінше, толады.

Ең алдымен, ауыз ашқан соң, ағзадағы су мөлшерін қалыпқа келтіруді ойлаңыз. Ауызашарда бөлме температурасымен 0,5-1 л арасында су ішу керек. Бұл алғашқы 20 минутта болғаны жөн. Суды бірден ішуге болмайды. Асықпай, жаймен ішіңіз. Су неліктен бөлме температурасында болуы керек? Себебі, салқын су ішетін болсақ, ол асқазанда тұрып қалады да, ішекке қарай өтпейді. Яғни суды дене температурасымен бірдей болғанша күресіп, асқазанда ұстайды. Ал біз ауыз ашқан соң ішкен тамағымыз сумен араласады да, қоймалжың формаға еніп, тамақ дұрыс қорытылмайды. Осылайша оразада ағза тазаланудың орнына, тамақ токсинге айналып, асқазанда жиналады.

Мұның арты иммунитеттің түсуіне әкеледі. Асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзылады. Іш қатады, салмақ қосасыз. Міне, осының бәрі суды дұрыс ішпегеннің әсері. Есте сақтаңыз, сәресіне дейін тағы 1 литр су ішу керек. Осылайша күніне 2 литр су ішу нормасын орындаймыз.