Рахмет саған, донор!

 Рахмет саған, донор!
almaty-akshamy.kz

 14  маусым – Дүниежүзілік қан донорларының күні

 

Біреуге жақсылық жасап, көмектесудің жолы да, тәсілі де көп. Соның бірі донор болу деуге әбден болады. Ауруханаларда, перзентханаларда тәулік бойы қаншама адам қанға зәру болып жатады десеңізші?! Оған аяқ асты болатын жазатайым жазымдар мен жол апаты сияқты оқыс оқиғалар кезіндегі жарақаттың салдарынан қан жоғалтуды қосыңыз. Қан - адам өмірінің нәрі. Қан тоқтаса, сіздің өміріңіздің де жолы үзілуі мүмкін. Сол себепті донорларды өмір сыйлаушылар деп текке айтпаса керек. Алматы қалалық Қан орталығы жыл сайын Дүниежүзілік  қан донорлары күнін айырықша атап өтіп, қала тұрғындарының денсаулығын жақсарту мен өмірін сақтап қалуға қан беру арқылы  жәрдемдесіп  жүрген  белсенді донорларына  жұртшылық атынан  рахмет айтып, оларға құрмет көрсетуді өздерінің дәстүрлеріне айналдырған. 

Қан орталығы ашылған он сегіз жылдан бері қан қызметін жақсарту ісі бойынша ауқымды істер атқарылды. Қаламыздағы емдеу мекемелерін қауіпсіз қан өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қан және оның компоненттерін дайындаудың заманауи әдістері мен тәсілдері, қан талдаудың жаңа стандарттары қолданысқа енгізілді. Алматы қалалық қан орталығы Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша жиырмадан астам емдеу мекемелерін қан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде орталыққа келіп қан тапсыратын ерікті донорлардың да қатары өсіп, олардың саны үш есеге артқан. 

- Бұл - біздің халықтың да донор болу біреуге қан беру ғана емес, өз денсаулығыңды жақсартып, салауатты өмір салтын ұстануға өзіңді тәрбиелеудің жарқын жолы екенін түсіне бастағаны. Өйткені дені сау адам ғана донор бола алады. Сондықтан біз өз денсаулығы арқылы өзгенің денсаулығын жақсартуға үлес қосып жүрген донорларымызға алғысымыз шексіз. Құрметіміз зор. Оларға рахмет айтып, көптің алғысын жеткізу - біздің азаматтық парызымыз. Бүгінгі салтанатты жиын донорларымызға деген құрметіміздің бір парасы ғана, – дейді орталықтың директоры Жандос Қуанышбекұлы Нәдіров.

Донорларды құрметтеуге арналған салтанатты жиынға қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Мэлсқызы Иманғалиева қатысып, қан тапсыру арқылы науқас жандарға өмір нәрін сыйлап жүрген донорларға алғысын білдіріп, оларға орталықтың Алғыс хаты мен естелік сыйлықтарын табыс етті. «Рахмет саған, донор!» деген жүрекжарды алғысқа ие болғандардың қатарында В. Зоммер, А.Сатимов, Б. Чинибекова, Қ.Зарқұмов, Р. Акишев, М. Гетманчук,  А. Сейітқожаев секілді тұрақты донорлар бар.

Қазір орталық донорларының саны 15 мыңға жетсе, донация саны жиырма мыңды құрап  отыр. Ал биылғы Дүниежүзілік қан донорлары күнінің үндеуі  «Донор болу - біздің ынтымақтастығымыздың  актісі. Донор болып, өзгеге өмір сыйла!»  Сіз де осы үндеуге үн қосып, донор болып, біреуге өмір сыйлауға асығыңыз! Адамға өмір сыйлаудан артық қайырымды іс болмас, Олай болса, қолдан келер іске асығайық!