Рахымжан Отарбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық еңбек жарық көрді

Рахымжан Отарбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық еңбек жарық көрді
Сурет: Ашық дереккөз

Ұлттық кітапханада көрнекті қазақ жазушысы, қазақ интеллектуалды прозасының ірі өкілі, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Рахымжан Отарбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіштің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Библиографиялық көрсеткіш ҚР Ұлттық кітапханасы мен «Рахымжан Отарбаев Руханият қоры» жеке қорымен бірлесіп шығарылды.

Іс-шараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Атырау облысы Индер ауданының құрметті азаматы, Алматы қаласы «Еңбегі үшін» медалінің иегері Берғалиев Амантай жүргізді.

Шараны ҚР Ұлттық кітапханасы директорының ақпараттық технологиялар және инновациялар жөніндегі орынбасары Искалиева Нурия Аманғалиқызы құттықтау сөзбен ашты.

Ұлттық библиография қызметінің библиографы Нұрымбаева Жадыра слайд арқылы библиографиялық көрсеткішпен таныстырды. Көрсеткіштегі материалдар 1977 жылдан 2022 жылдың қараша айына дейінгі кезеңдегі жазушының кітаптары, әңгімелері, повестері, өлеңдері, пьесалары, аудармалары, әдеби сын-зерттеулері, мақалалары, баяндамалары, сұхбаттары, қатысуымен шыққан басылымдары және өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған еңбектерді қамтиды.

Рақымжан Отарбаевтың ұлы Ермерей Рақымжанұлы Ұлттық кітапхана қорына жазушының «Бас» романын сыйға тартып, ұжымға және келген қонақтарға алғысын білдірді.

Шара аясында Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясының студенті Хамидулла Шерхан Сәдіқожа Машанұлының «Сағынсаң, қалқам, өзің кел» атты әнін орындады.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Рақымжан Отарбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Жалғыз атты жолаушымын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды және жазушының отбасы ұсынған қысқаша деректі бейнежазба көрсетілді.