QazVac «Дельта» штамынан тиімді қорғайды

QazVac «Дельта» штамынан тиімді қорғайды
Сурет: Аvtoradio.kz

Отандық вакцинаның қауқары өзгелермен тең дәрежеде 

Қазақтың QazVac вакцинасы «дельта» штамынан тиімді қорғайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мұндай нәтижелерді ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жүргізген зерттеулер көрсетті. Ғалымдар бейтараптандыру реакциясына тест өткізді, нәтижесінде отандық QazVac вакцинасымен егілгендер антиденелердің жоғары деңгейін көрсетті.

Вирусты бейтараптандыратын антиденелер клиникалық зерттеулерге қатысқан еріктілердің 90%-нан астамында анықталды.

Сондай-ақ зертханалық жануарларға тәжірибелер жүргізілді. QazVac вакцинациясынан кейін хомяктарда пайда болған антиденелер коронавирустың «үнді» штамын бейтараптандыруға қабілетті екендігі анықталды.

«Біз QazVac  вакцинасы құрған антиденелердің «ухань», «британдық альфа», «үнділік дельта» сияқты коронавирустың жаңа штамдарын бейтараптандыру қабілетін анықтау мақсатында зерттеу жүргіздік. Нәтижелер вакциналаудан кейінгі антиденелердің иммунитетті қалыптастыратынын және вирустың үш түрін де бейтараптандыруға қабілетті екенін көрсетті. Сондай-ақ біз зертханалық жануарларға тәжірибелер жүргіздік. «QazVac» вакцинасын алған және вакциналанбаған зертханалық хомяктарды алдық. Біраз уақыттан кейін оларға "дельта" штамын жұқтырдық. Нәтижесінде вакциналанбаған хомяктар коронавирустың дельта штамын жұқтырды. Ал «QazVac» вакцинасымен егілген жануарлар ауырмай, «дельта» вирусының штамынан қорғалған болып шықты», – деп атап өтті ҚР БҒМ ҒК Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.

Алынған мәліметтер QazVac-тың коронавирустың бар штамдарына қарсы тиімділігін, оның ішінде отандық вакцинаның "дельта" штамынан қорғау қабілетін растады.

Сонымен қатар, коронавирусына қарсы QazVac вакцинасын ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген. 60 жылдан астам тарихы бар БҚПҒЗИ-да биологиялық қауіпсіздік, вирусология, микробиология, иммунология саласында жұмыс тәжірибесі мол.

Институт ғалымдары препараттардың 60-тан астам түрін, соның ішінде 30 вакцинаны, 16 тест-жүйені және 15-тен астам түрлі биопрепараттарды әзірлеп, енгізді. Соңғы 10 жылда институт құс және шошқа тұмауына қарсы отандық вакциналарды дайындау технологиясын жасады.