Пусанда Қазақстанның Бас консулдығы ашылды

Пусанда Қазақстанның Бас консулдығы ашылды
Cурет: СІМ

Пусан - Оңтүстік Кореяның екінші ірі қаласы

Пусан қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан Елшісі Бақыт Дүйсенбаев құттықтау сөзінде Бас консулдықтың ашылуына атсалысқаны үшін Корея Республикасының Үкіметіне, Сыртқы істер министрлігіне және Пусан қаласының әкімшілігіне ерекше алғысын білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Б. Дүйсенбаев Қазақстан Бас консулдығының ашылуы екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келген тарихи оқиға екенін атап өтті.

Ашылу салтанатында Пусандағы ҚР Бас консулы Аян Қашабаев сөз сөйлеп, Бас консулдықтың екіжақты ынтымақтастықты жандандыру, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін барлық күш-жігерін салатынын атап өтті.

Іс-шараға Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Пусан қаласы мэриясының, дипломатиялық корпустың, іскерлік топтардың, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты.

Пусан - Оңтүстік Кореяның екінші ірі қаласы және Солтүстік-Шығыс Азиядағы ең үлкен порт және халықаралық қаржы орталығы. Пусан аумағында 51 шетелдік дипломатиялық өкілдіктер ашылды, олардың ішінде 6 консулдық, 5 мәдени орталық, БҰҰ-ның 2 мекемесі, 1 сауда өкілдігі және 37 құрметті консулдықтар бар.