Прогресс пен ашықтық жолына шақырады
Рухани жаңғыру – ана тілімізді, ұлттық тарихымызды, төл дәстүрімізді, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан салт-санамызды, мәдени мұрамызды жан-жақты дамыта отырып, оны өскелең жастардың бойына терең сіңіру, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етуді көздеп отырғанын түсінуіміз керек.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – экономикалық, әлеуметтік, саяси бағыттар бойынша дамуымыздағы аса қажетті стратегиялық бағдарлама. Өйткені, табиғи байлығымыз да, алтынымыз да, астығымыз да қанша мол болғанымен, ол негізгі байлық болып есептелмейді. Негізгі байлық – адам капиталы, рухани байлық. Рухани жағынан неғұрлым бай болсақ, тұрақтылық та, достық та, түсіністік те орнықты болады. Адам капиталы жоғары болған сайын, озық технологияларды өзіміз-ақ өндіріп, материалдық байлыққа қол жеткізуге болады.
Сайып келгенде, Елбасы мақаласы мен биылғы Жолдаудағы ерекше мән берілген құндылықтар – Қазақстанның Мәңгі ел болуы мен өркениеттің биік сатыларына көтерілу жолындағы рухани мұраттары. Олардың барлығы бір-бірімен өте тығыз байланыста өрілген.
Мақалада айтылған негізгі бағыттарды жүзеге асыруда бәріміз белсенділік танытуымыз қажет. Себебі, еліміздің жарқын болашағы ертеңгі ұрпақтарымыздың жақсы өмір сүру кепілі. Мемлекет басшысы ұлттық болмысымызды мәңгілікке сақтау үшін бірінші кезекте ұлттық код, ұлттық мәдениет, ұлттық тарихымызды қайта жаңғыртуға кірісуіміз қажеттігін қарапайым ұғынықты түрде жеткізіп берді. Президентіміз «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп, рухани болмысымызды сақтаудың маңыздылығын атап көрсетті. Өйткені, біздің барлық бай мұраларымыз тарихымыз бен мәдениетімізде, әдебиетіміз бен өнерімізде екені даусыз. Тарихтан терең тамыр алып, рухани құндылықтарымызды дәріптесек, кемел келешекке жарқын жүзбен жетеміз.
Мақалада қамтылған бәсекелік қабілет мәселесі де өтеорынды айтылған деп есептеймін. Елбасының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» дегені бәрімізді ойландыруы тиіс.
Рухани жаңғыру – халқымыздың болашағы үшін қызмет ететін өміршең құжат деп түсінеміз. Еліміздің даму жолының биікке өрлеуі мемлекетіміздің саяси дамуымен де тығыз байланысты.
Рухани жаңғыру – ана тілімізді, ұлттық тарихымызды, төл дәстүрімізді, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан салт-санамызды, мәдени мұрамызды жан-жақты дамыта отырып, оны өскелең жастардың бойына терең сіңіру, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етуді көздеп отырғанын түсінуіміз керек. Бұл бағытта елімізде бұдан бұрын да ауқымды жұмыстар атқарылғаны баршаға белгілі. Мәселен, 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. Әсіресе, Қазақ хандығының 550 жылдығына бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру барысында да халқымыздың мерейі үстем болды. Халқымызға пайдалы мұндай әңгімелер бұрын да айтылған. Елбасы бұдан бұрын «Ұлытаудағы сұхбатында» да тарихымызға терең талдау жасап, туған өлке шежіресін тануға шақырған болатын.
Қазақ қоғамында соңғы 10–15 жылдар бедерінде үлкен әлеуеті зор өзгерістер орын алды. Халықтың әл-ауқатының артуы және қала халқының санының арта түсуі жаңаша ойлайтын әлеуметтік ортаның пайда болуына алып келді. Дәл осы орта үшін Президенттің мақаласында айтылған прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, ашықтық секілді құндылықтар маңызды болып табылады. Олар – жақсы білім алған, бірнеше тіл білетін, өз дәстүрімен қатар заманауи өмір салтын ұстанатын жаңа ұрпақ буыны. Бұлар елдегі қоғамдық-саяси өмірге ықпал етуге мүдделі белсенді топ. Биліктің жаңа идеологияны дамытуы арқылы дәл осы топқа сүйенуіне мүмкіндігі бар.
Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде әр мемлекет өзіндік ұстанымын қалыптастыру үстінде. Елбасы мақаласына сүйенсек, Қазақстандағы жоғары билік прогресс пен ашықтық жолын таңдап отыр. Осы топ жаһандық әлемге еркін кірігіп, оның заңдылықтарымен белсенді жұмыс істейтін топ болатынына сенемін.
Бекнұр ҚИСЫҚОВ,
Қазақстан Республикасы Франчайзинг
одағының төрағасы.