Президенттің Түркияға мемлекеттік сапары аяқталды

Президенттің Түркияға мемлекеттік сапары аяқталды
Cурет: Inform.kz

Сапар екі күн өтті

Мемлекет басшысын Анкараның халықаралық әуежайында Түркияның вице-президенті Фуат Октай шығарып салды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі күнге созылған мемлекеттік сапардың негізгі түйіні - Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен жүргізілген жан-жақты келіссөздер нәтижесінде Қазақстан-Түркия қарым-қатынасын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар, әртүрлі салаларда ынтымақтастықты нығайта түсетін бірқатар маңызды үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы түрік бизнесінің ірі өкілдерімен кездесті. Олармен кездесу екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізері сөзсіз екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қол жеткізілген барлық уағдаластықтың орындалуы оның жеке бақылауында болады. Былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион доллар болды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия бизнес өкілдерінің басқосуында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия инвесторларына қолдау көрсетілетінін жеткізді. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Түркия Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына мемлекеттік сапары Түркияның негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етуден басталды. Президент сарайында салтанатты түрде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу шарасы өтті.