Президенттің қымбатшылық мәселесіне қатысты сыны орынды – сарапшылар

Президенттің қымбатшылық мәселесіне қатысты сыны орынды – сарапшылар
Сурет: Ашық дереккөз

Орташа деген жақсы баға емес

Қымбатшылық мәселесіне қатысты Президенттің сыны орынды. Осылай деген белгілі экономист Мақсат Халық тұрақтандыру қорларының жұмысын өзгерту маңыз деп атап өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Бұған дейін елді пандемиядан шығарған тұрақтандыру қорлары да қазір қосымша қаржы сұрай бастаған. Одан әлеуметтік тауарлардың құны артпаса тұрақталған жоқ. Демек бұл жерде де қаржыны талан-таражға салатын белгілі бір схемалар пайда болған дейді экономист. Экономист форвардтық келісімдерді жандандыру, яғни шаруалармен тікелей байланыс болуы қымбатшылықты тежейтінін айтты.

«Ұзақ мерзімге нақты шаруалармен, ауыл шаруашылық мамандарымен сөйлесу керек. Олардың нақты мәселелерін білу керек. Тұқымның бағасы қымбаттап кеткен. Сапалы тұқымдарды жеткізіп беруді қамтамасыз ету керек. Шаруаларға төмендетілген несиелер мен техникаларды жеткізіп беру керек. Міне, осындай нақты мәселелерді жүзеге асырса онда бағалардың тұрақты болуына әсер етуге болады», – деді экономист Мақсат Халық.

Ал белгілі тарихшы Ханкелді Әбжанов Үкіметке өткірлік жетпейді дейді. Нақты нәтиже шығару үшін ұжымдарға баруы керек, халықпен араласуы тиіс. Сонда жұмыс өнеді деген пікірде.

«Президенттің Үкімет қызметіне орташа деп баға бергені бұл Әлихан Смайыловты, біздің министрлерді қатты ойландыру керек. Орташа деген ол жақсы баға емес. Үлгермейтін оқушының деңгейінде деген сөз. Мұны Үкімет түсінуі керек», – деді тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов.