Президенттікке үміткер Әуесбаев қазақ тілінен емтихан тапсырды

Президенттікке үміткер Әуесбаев қазақ тілінен емтихан тапсырды
Сурет: Abai.kz

Лингвистикалық комиссияның отырысы өтті.

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев қазақ тілінен емтихан тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша Лингвистикалық комиссияның отырысы өткен.

Лингвистикалық комиссия кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін үш бағыт бойынша анықтаған: шығарма жазу, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзінді оқу, кандидаттың таңдаған тақырыбына көпшілік алдында сөз сөйлеуі.

«Кандидат «Түркістан - ер түріктің бесігі» тақырыбына шығарма жазды. Жазба жұмысы мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Екінші тапсырма бойынша Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романынан үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Ана тілім - асыл қазынам» тақырыбына ойын ауызша баяндады. Емтихан қорытындысы бойынша, Лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен бірауыздан шешім қабылдады», - делінген хабарламада.