Президент Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысын қабылдады

Президент Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысын қабылдады
Сурет: Akorda.kz

Ақордадағы қабылдау: Семей полигонының жабылғанына - 30 жыл

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысы Роберт Флойдты қабылдады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz 

Мемлекет басшысы австралиялық маманды Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы болып сайлануымен құттықтап, аталған ұйымның жұмысы Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Флойдтың Қазақстанға сапары Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Осыдан 30 жыл бұрын Семей полигоны жабылған болатын. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде Женевадағы жұмысының тәжірибесімен бөліскен Мемлекет басшысы әлемдік қауымдастыққа ядролық қаруды таратпау және қарусыздану туралы кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды деді.

Роберт Флойд Мемлекет басшысының көрсеткен құрметіне ризашылығын білдірді.

Роберт Флойд Семей полигонының аумағы мен Курчатовтағы ҚР Ұлттық ядролық орталығынан алған әсерімен бөлісті. Сондай-ақ жұмысының басым бағыттары, соның ішінде жастар мен ұйымның көрнекті қайраткерлерінің жұмыстарын ілгерілету туралы айтты.

Кездесу соңында тараптардың Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамаларын ілгерілету мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт бойынша тығыз ынтымақтастыққа дайын екендері айтылды.