Президент Тоқаев сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырды

Президент Тоқаев сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырды
Сурет: 24.kz

Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілер арқылы мемлекет азаматтарын белсенді дауыс беруге шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев твиттердегі парақшасында.

Екі күннен кейін Қазақстан бойынша 730 елді мекеннің әкімі тікелей сайлау арқылы анықталады. Ел тарихында әкімдер сайлауы алғаш рет 14 өңірде бірдей өткелі тұр.

2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тапсырма берілген болатын.

«Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдар мен аудандық маңызы бар қалалардың тұрғындарын дауыс беруге белсенді қатысуға шақырады. Мемлекет басшысы сайланған кандидаттардың бәрі өзі ісінің маманы болатынына және халықтың үмітін ақтай алатынына сенім білдіреді», деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.