Президент Тоқаев домбыра сабағын өткізген қайраткерге алғыс білдірді

Президент Тоқаев домбыра сабағын өткізген қайраткерге алғыс білдірді
Сурет: Inbusiness.kz

Президент бұл мәдени іс-шара Гиннес рекордтар кітабына енеді деп сенеді. 

Мемлекет басшысы мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтағанға алғыс хат жолдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен ауқымды домбыра сабағын өткізген Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтағанға алғыс хат жолдады.

«Халық мұрасын насихаттау және үйрету ісіне бел шеше кірісіп, көпшілікке белгісіз туындыларды нотаға түсіріп, олардың авторларын анықтауға атсалысып келесіз. Сан жылғы зерттеу жұмыстарыңыздың нәтижесі іспетті еңбектеріңіз қазіргі таңда музыка мектептері мен оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып жүр. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің мыңнан астам оқушысы қатысқан домбыра сабағыңыз өскелең ұрпақтың ұлттық күй өнеріне қызығушылығын арттырып, білімін тереңдеткен маңызды шаралардың бірі болды. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған бұл мәдени іс-шара Гиннес рекордтар кітабына енеді деп сенемін», – делінген алғыс хатта.

Еске салсақ, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 2021–2022 оқу жылы домбыра сабағымен аяқталып, оған мыңнан астам оқушы қатысты. Домбыра сабағын мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған өткізді. Осы домбыра сабағы Гиннес рекордтар кітабына енуі мүмкін.