Президент Тоқаев 100 жастағы майдангерді құттықтады

Президент Тоқаев 100 жастағы майдангерді құттықтады
Сурет: Inform.kz

Мерейтойға орай салтанатты жиын өтті.

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, майдангер, өлкетанушы әрі жазушы Сергей Пресняков 100 жасқа келді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Петропавлда Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Сергей Пресняковтың мерейтойына орай салтанатты жиын өтті. Майдангерге құрмет көрсету кезінде СҚО әкімі Құмар Ақсақалов ел Президентінің алғыс хатын оқып, төсбелгіні табыс етті. 

«Сергей Михайловичтің есімі Солтүстік Қазақстан облысының тарихына алтын әріптермен жазылған. Сергей Пресняков – біздің ел тарихындағы көптеген оқиғалардың куәгері және қатысушысы. Ол Мәскеу түбіндегі шайқастарда соғысып, 38 атқыштар бригадасында қызмет етті. Соғыстан кейін партия органдарында жұмыс істеді, ардагерлер ұйымын басқарды.Өмірінің көп бөлігін біздің аймақтың тарихын зерттеуге арнады. Солтүстік Қазақстандағы өлкетану ісінің дамуына баға жетпес үлес қосты. Студенттерге өлкетану және туған өлке тарихы курстарынан сабақ берді. Оның авторлығымен жазылған кітаптар арқылы оқырман ел тарихынан хабардар болады», - деді өңір басшысы.

Сергей Пресняков көптеген орден-медальдардың иегері, «Құрмет белгісі» орденін 4 рет алған. Ресейдің Самара облысының тумасы СҚО-ға шамамен 90 жыл бұрын келген екен. Еңбек жолын 1939 жылы Омбы теміржолы Петропавл стансасында экономист болып бастайды. Көп ұзамай соғыс басталып, 19 жасында Сергей Пресняков майданға аттанады. Батыс, солтүстік-батыс майдандары мен Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысады. 

Соғыстан кейін әртүрлі салада жұмыс істеді. Зейнет демалысына шыққасын да қызметтен қол үзбей, Петропавл жоғары оқу орнында туған өлке мен Қазақстан тарихынан сабақ береді. Өлке тарихын зерттеуден де қол үзбейді. Сергей Пресняков 10-нан астам кітаптың авторы. Соның ішінде 300-ден астам мақала кірген «Солтүстік Қазақстан облысы» энциклопедиясы да бар. 

1980 жылдары Сергей Пресняков СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы болған тұста оның бастамасымен Петропавлда Жеңіс саябағы пайда болды.