Президент тапсырмасымен Қарулы Күштерді бақылау тексеруі басталды

Президент тапсырмасымен Қарулы Күштерді бақылау тексеруі басталды
Сурет: Tengrinews.kz

Бұл шара жаңа тәртіппен өтіп жатыр.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Қарулы Күштерінде тексеру басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Әскерлерді тексеру қысқы оқу кезеңі аяқталғанша жүргізіледі. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскердің жауынгерлік дайындығын түбегейлі арттыру жөніндегі міндеттерін іске асыру шеңберінде бұл шара жаңа тәртіппен өтіп жатыр.

Бас штабтың жоспарына сәйкес, құрамалар мен әскери бөлімдер дабыл бойынша көтерілді. Бөлімшелер практикалық оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайтын полигондарға темір жол көлігімен, жауынгерлік техникамен жетуді жүзеге асырады. Полигондарда тактикалық, оның ішінде түнгі жағдайда да оқу-жаттығулар мен атыстар өтетін болады.

Бұдан өзге, бөлімдердің белгіленген мерзімде жүктелген тапсырмаларды орындау үйлесімділігі мен қабілеті, әскери қызметшілердің оқытылуы, сондай-ақ командирлердің бағынысты және сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқара білуі бағаланатын болады.

«Қарулы Күштердің барлық құрамалары мен бөлімдері, сондай-ақ әскери басқару органдары тексеріледі», - делінген министрлік таратқан хабарламада.