Президент Рудныйдағы жылу құбырындағы апат салдарымен танысты

Президент Рудныйдағы жылу құбырындағы апат салдарымен танысты
сурет: Akorda

Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында, ең алдымен Рудныйдағы жылу құбырындағы жарылыс салдарымен танысты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өңір басшылығының қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады.

«Жалпы, еліміз бойынша да, осы облыста да жылу құбырлары апатты жағдайда тұр. Жағдай өте ауыр. Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе, көктем және жаз айларында қысқы жылыту маусымына мұқият дайындалуды тапсырамын. Бұл – атқаратын басты міндет, себебі мұны созбалаңға салуға болмайды. Желілердің тозу деңгейі өте жоғары, 70, 80, кейбір жерлерде тіпті 90 пайызға дейін жетеді. Осы жұмыстармен айналысу қажет», - деді Президент.