«Президент Назарбаев» қызғалдағы

«Президент Назарбаев» қызғалдағы
almaty.tv

Естеріңізде болса, оңтүстік астанада «Көктем көркі – қызғалдақ» деген атаумен қызғалдақ фестивалі өткен болатын. Фестивальде қызғалдақтың жаңа «Президент Назарбаев» сұрпы таныстырылды. Бұл қызғалдақтың жаңа түрін голландық селекционер Жан Лайтхард өмірге әкелді. Гүлдер алдымен Нұрсұлтан Назарбаевқа Нидерландта өткен Ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысқан кезінде таныстырылған еді.

Аталған сұрыптың ерекшелігі сол – ол өте ірі және қызғылт ақтаңдақтары бар. Бойының биіктігі 70 сантиметрге дейін жететін гүлдер көктемнің үш айында да гүлдеп тұрады.

«Жас натуралистер станциясы» МКҚК директоры Зейнеп Аришеваның айтуынша, «Грин Ланд» компаниясы «Президент Назарбаев» қызғалдағының 10 мың баданасын сатып алып, Қазақстанға жеткізген. Гүлдер Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында және Алматы қаласындағы Тұңғыш Президент паркінде өсіп тұр. Оның айтуынша, голландық селекционерлер, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы» сұрпын да жасаған. Аталған қызғалдақтың гүлдері бокал тәрізді және аса ірі болып келеді.

Алдағы уақытта қызғалдақ гүлінің санын едәуір арттыру көзделген. «Қазақстан – қызғалдақтың отаны болып саналатынын ғалымдар ғылыми еңбекте де дәлелдеген және Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да ерекше атап өтті. Қазақстан жерінен алғаш рет дала қызғалдақтары XVIII ғасырда түрік падишахтары арқылы Түркияға, одан әрі Австрия мен Голландияға таратылды. Қазіргі кезде Голландия елі қызғалдақтың түрлі сорттарын шығаруда. Елбасы Н.Назарбаевтың мақаласы шыққаннан кейін Голландияда 3 түрлі сортты қызғалдақтың түрі дайындалды.