Президент  Мәжілістегі Nur Otan фракциясының негізгі міндетін атады

Президент  Мәжілістегі Nur Otan фракциясының негізгі міндетін атады
almaty-akshamy.kz

Мәжілістегі Nur Otan партиялық фракциясын қайта жүктеу керек. Бұл туралы Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Президент алдағы реформаларды заңнамалық сапалы қамтамасыз ету үшін Мәжілістегі партиялық фракцияны қайта жүктеу қажет екенін атап өтті. Фракция мүшелері формализмнен аулақ болып, қоғам өкілдерімен көбірек қарым-қатынаста болуы тиіс.

Осы орайда Мемлекет басшысы депутаттар тікелей міндеті аясында өзекті проблемалардың мән-жайын жеткілікті түсініп, партияның ұстанымын тыңғылықты түсіндіріп, қорғауы керек екенін, сондай-ақ ашық популизмге салынбауы маңызды екенін қадап айтты.

«Сайлаушылармен тікелей диалог құру, тұрақты түрде азаматтармен кездесу аса маңызды, осы орайда шалғайдағы ауылдарға бару керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл тұрғыда Президент Парламентте депутаттар жолдайтын сауалдардың мазмұны нақты мәселені қамтып, тұрғындар проблемасын көрсетуі керек екенін айтты.