Президент Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады

Президент Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады Сурет: Ақорда кz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.



«Құрметті отандастар!


Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!


Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды.


«Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады.


Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді.


Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі. Қазақстандағы әрбір шаңырақтың керегесі кең, босағасы берік болсын!


Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!» - делінген Мемлекет басшысының Ақорда жариялаған құттықтауында.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамау
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Пікіріңізге рахмет