Президент Катар әмірін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

Президент Катар әмірін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады
Сурет: Akorda.kz

Бұл - еліміздегі ең жоғарғы марапаттардың бірі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті.

Орден табыстау рәсімінде Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің халық алдындағы абырой-беделін, ел басқару ісіндегі даналығы мен ерекше тұлғалық қасиеттерін, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан зор үлесін атап өтті.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Дохада өткен кездесуде шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен стратегиялық серіктестік орнату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін, екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.