Президент Қатар Әмірін әлем чемпионатының жоғары дәрежеде өтуімен құттықтады

Президент Қатар Әмірін әлем чемпионатының жоғары дәрежеде өтуімен құттықтады
Сурет: Gazete.gazetesi

Мемлекет басшысы Катар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді футболдан әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастыруымен құттықтады. Бұл жаһандық спорттық шара Катардың дамыған әрі бейбітсүйгіш ел ретінде әлеуеті мол екенін паш етті.

Тараптар, ең алдымен, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту перспективаларын жоғары бағалады. Осы ретте Катар Әмірінің жуырда Астанаға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асырудың маңызды екені аталып өтті.

Әңгімелесу барысында екіжақты сауданы жандандыру және экономиканың түрлі салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажеттігі жөнінде айтылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде Қатар Қазақстандағы ең ірі он инвестордың қатарына кіретініне сенім білдірді.