Президент Германияның жаңадан сайланған Федералдық Канцлері Олаф Шольцке жеделхат жолдады

Президент Германияның жаңадан сайланған Федералдық Канцлері Олаф Шольцке жеделхат жолдады
Сурет: Аkorda.kz

Мемлекет басшысы Олаф Шольцті сайлануымен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтың және жеке өзінің атынан Олаф Шольцті Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Канцлері қызметіне кірісуімен шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Аkorda.kz-ке сілтеме жасап

«Бұл тарихи оқиға – халқыңыздың Сізге және Өзіңіз басқарып отырған коалицияға еліңіздің саяси-экономикалық өркендеуін жалғастыруға, сондай-ақ оның халықаралық деңгейдегі ұлттық мүдделерін ілгерілетуге бағытталған маңызды жоспарларыңызға артқан сенімінің айқын дәлелі. Осы тұста Сіздің қажырлы еңбегіңіз Отаныңызды бүгінгіден де биік белестер мен жаңа табыстарға жетелей беруіне тілектестігімді білдіремін», – делінген құттықтау хатта.

Мемлекет басшысы Германияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы басты серіктесі деп санайтынын және екі ел арасындағы қарқынды дамып келе жатқан стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өткен.

«Қазақ-герман және Орталық Азия – Еуропалық Одақ форматтарындағы сан қырлы ықпалдастығымыздың мазмұнын одан әрі байыту мақсатында Сізбен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенімді растаймын. Орайлы мүмкіндікті пайдаланып, өзара ыңғайлы уақытта Сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын», – деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Олаф Шольцтің игі бастамаларына сәттілік, отбасына баянды бақыт, ал достас герман халқына мол ырыс пен құт-береке тілеген.