Президент еліміздің жол құрылысы саласын сынға алды

Президент еліміздің жол құрылысы саласын сынға алды
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Жол құрылысы саласын жемқорлық жайлаған.

Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біз бір апта бұрын еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелері туралы арнайы жиын өткіздік. Бүгін автожол инфрақұрылымы саласындағы түйткілдерге ерекше тоқталғым келеді. Биыл 11 мың шақрымынан астам жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажеттігін баса айтты.

«Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде, Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайтын болды», - деді Қазақстан Президенті.

Президенттің атап өтуінше, жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп.

«Тендерді жыл сайын бірлі-екі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Соының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Жарты жыл өтті. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Бұл жұмыс Павлодар, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында өте баяу жүргізілуде», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.