Президент Денсаулық сақтау министрінің есебін тыңдады

Президент Денсаулық сақтау министрінің есебін тыңдады
Сурет: 24.kz.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы айтылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың есебін тыңдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.

Президентке қазіргі эпидемиологиялық жағдай, екпе егу жұмыстарының барысы және елімізге вакцина жеткізу жөніндегі уағдаластықтар туралы баяндалды.

«Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар өңірде карантин шараларының күшейтілгені, жұқпалы аурулар стационарлары мен жан сақтау бөлімдерінде ем қабылдап жатқан науқастар саны, дәрі-дәрмектер мен басқа да қажетті жабдықтар қоры, вакцина салу қарқыны баяу өңірлерге көрсетіліп жатқан әдістемелік көмек жайында мәлімет берілді», – деп жазды Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook -тегі парақшасында.

Алексей Цойдың айтуынша, маусым айындағы жағдаймен салыстырғанда шілденің соңғы екі аптасында індет жұқтырғандардың саны 4,8 есеге көбейген. Күнделікті жүргізілген мониторинг бойынша. 24 шілдедегі мәліметке сәйкес, жұқпалы аурулар бөлімдерінің 51 пайызында, жан сақтау бөлімдерінің 41 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр. Вирус жұқтырғандар санының көбеюіне және денсаулық сақтау жүйесіне түскен салмақтың артуына байланысты шілде айында қосымша 10 мың төсек-орын әзірленді. Қазіргі уақытта 21,4 мыңға жуық орын резервте тұр.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Президентке әлемде коронавирус індетінің жаңа «Лямбда» штамының пайда болуы мен таралуы туралы айтты. Бұл вирус алғаш рет 2020 жылғы желтоқсанда Перуде тіркелген. Бүгінде індеттің осы түрін 30 мемлекетте, негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Еуропа елдерінде 3 мыңға жуық адам жұқтырған. 

«Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, жаппай екпе салу қарқынын арттыруды, науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсету жұмыстарын, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдемді сапалы ұйымдастыруды тапсырды», – деп хабарлады Берік Уәли.