Президент берген 108 тапсырманың 44-і орындалды

Президент берген 108 тапсырманың 44-і орындалды
Сурет: 24.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында мәлім болды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің қаңтар оқиғасынан кейін берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Қаңтар айында болған қайғылы оқиғалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына түзетулер енгізді. Әлеуметтік-эконмикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында осы жылдың басынан бастап сіз Үкіметке шұғыл және жүйелі 108 тапсырма бердіңіз. Бүгінгі таңда 44 тапсырма орындалды», - деді Әлихан Смайылов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-жоспар аясында елдің барлық аймақтарында қоғамдық тәртіп қалпына келтірілген.

«Коммуналдық қызметтердің бағалары мен тарифтерінің өсуіне жарты жылға мораторий енгізілді. Жанар-жағармайға және газға шекті бағалар белгіленді. Үкімет жанындағы отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Утилизациялық алымдар мемлекетке берілді. 100 пайыз мемлекеттік ұйым «Жасыл даму» акционерлік қоғамы жауапты оператор болып айқындалды», - деді Үкімет басшысы.