Президент Бас прокурорды қабылдады

Президент Бас прокурорды қабылдады
Сурет: Akorda.kz

Мемлекет басшысына қаңтар оқиғасын тергеп-тексеру жұмыстарының барысы туралы баяндалған.

Сонымен қатар Президентке шетелден активтерді қайтару ісі бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша фигуранттардың қылмыстық жолмен жинаған капиталының шығып кетуін анықтау мақсатында олардың шетелге жылыстатылуына талдау жасалуда. Берік Асылов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларының жүзеге асырылуы туралы айтты.

Атап айтқанда, Бас прокурордың Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы туралы Конституцияның 83-бабына енгізілетін түзетулер дайындалуда, сондай-ақ «Прокуратура туралы» жаңа Конституциялық заң әзірлеу басталды. Салалық заңның басты басымдығы – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау.

Заң жобасына Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғаушылармен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау, прокурорлардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыру тетігі туралы ережелерді енгізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Президентке азаптауларды тергеп-тексеру бойынша прокурорларға өкілеттік беруге, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты тапсырмалардың орындалуы туралы айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қадағалау органының халықпен өзара ықпалдастығын жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, Бас прокурорға бірқатар тапсырма берді.