Полиция қаңтар оқиғасынан кейін 800-ге жуық қару тәркілеген

Полиция қаңтар оқиғасынан кейін 800-ге жуық қару тәркілеген
Сурет: Inbusiness.kz

Бұл туралы ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Қозыбақов айтты.

Іс-шара аясында 800-ге жуық атыс қаруы мен 780-ге жуық арнайы құрал мен оқ-дәрілер табылып, тәркіленген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Іnbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

Қаңтар оқиғасы кезінде жарияланған төтенше жағдай алынған соң «құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. 

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз алып жүргені және сақтағаны үшін 459 адам ұсталды, 792 атыс қаруы мен 778 арнайы құралдар мен оқ-дәрілер табылды және тәркіленді», - деді Қозыбақов дүйсенбіде өткен брифингте.

Басқарма бастығының айтуынша, қазір қаруды өз еркімен тапсыру акциясы болып жатыр. 

«Азаматтар өз еркімен 109 қару тапсырды, оның ішінде 11-і ойық, 53-і тегіс ұңғылы қару және 28 әр түрлі қару бар», - деді Қозыбақов. 

Оның мәліметінше, жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін 684 адам ұсталды, олардан 263 кг жуық есірткі, оның ішінде 545 грамнан астам героин табылды. «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы 19 қаңтарда басталған, ерекше өкімге дейін жалғасады. 

Қаңтарда Жаңаөзенде басталған бейбіт митингтер экономикалық және саяси талаптарға ұласып, бүкіл ел бойынша жаппай наразылық өтті. Кейбір аймақта әкімшілік ғимарат, полиция бөлімшелері, дүкендерге шабуыл басталған.  Белгісіз адамдардың әрекетінен Алматыда шығын көп болды. Онда жеті қару-жарақ дүкені тоналып, 1,3 мыңнан астам қару-жарақ ұрланған. Ұрланған заттың бір бөлігі табылған және тәркіленген.