Pfizer вакцинасы туралы ата-ана мен бала және жүкті әйел не ойлайды?

Pfizer вакцинасы туралы ата-ана мен бала және жүкті әйел не ойлайды?
qarmaqshy-tany.kz

Қазақстанда Pfizer вакцинасы қарашада салына бастайды. Оны ең әуелі 12 жастағы және одан үлкен балалар мен жүкті әйелдерге салады.

Коронавирусқа қарсы бұл вакцина жайлы балалардың өзі не ойлайды? Жүкті әйел ше? Ата-ана вакцинаны баласына салдыруға қалай қарайды? Бұл сауалдарды респонденттерге қойдық. Ал инфекционист маман вакцинаның құрамын айтып, оны не себепті балаларға салуға рұқсат етілетінін түсіндіріп берді деп хабарлайды almaty-akshamy.kz baribar.kz сілтеме жасап.

Бекзат Қазмаханов, Алматыдағы 180-мектептің 8-класс оқушысы:

Менің ойымша, COVID-19-ға қарсы екпені салдырту керек. Өйткені бұл біздің қоғамымыздың коронавирусқа қарсы шығуына көмектесе алады. Вакцина бізді толықтай вирустан қорғамайтынын түсінемін. Бір адам ауырып, ол он адамға жұқтыруы мүмкін.

Коронавирусқа қарсы вакцинаны салдыруыма ата-анам да, жақындарым да қарсы емес. Достарым да вирустың теріс әсері көп екенін айтады.

Менің анам – медбике. Қаншама адамды коронавирус инфекциясынан қорғап қалды. Ол кісінің күні-түні қалай жұмыс істейтінін білемін. Оның айтуынша, вирусқа қарсы екпені салдырған адам мен салдырмаған пациенттің жазылу ұзақтығы әртүрлі. Вакцина алғаны 1-2 күннің ішінде айығып шыға келуі мүмкін. Екпені салдырмаған адамның бірнеше апта бойы жазылатын түрі болмайды.

Өзім коронавируспен ауырып көрмедім. Жанымдағы адамның бәрі ауырса да, маған жұқпапты. Қалай бұлай болғанын білмедім. Дегенмен бұл ауру қауіпті деп ойлаймын. Сол себепті алдын ала қорғанып, вакцина салдырамын. Сақтансаң, сақтайды.

Перизат Ердосова, жүкті әйел:

Қазір жүктіліктің сегізінші айындамын. Негізі сапалы, толық зерттелген вакциналарды салдыруға қарсы емеспін. Аяғы ауыр кезде әйелдің иммунитеті екі есе төмендейді. Мұндай уақытта вакцина салғызуды дұрыс деп есептеймін.

Дегенмен Pfizer вакцинасын салдыратын ойым жоқ. Бұл екпе жайлы түрлі теріс ақпарат оқып, естіп жатырмын. Ал мен жалғыз емеспін, ішімде балам бар. Өзімнің ғана емес, оның да өміріне жауаптымын.

Өзім осы жылдың тамыз айында коронавируспен ауырып шықтым. Менде антидене деңгейі әлі жоғары. Оның үстіне, Pfizer туралы жан-жақты ақпарат білмеймін.

Нұрсұлу Қалкөзова, Түркістан облысындағы «Мыңшұңқыр» жалпы орта мектебінің мұғалімі:

Бұл вакцина жайлы жақсы білмейді екенмін, бірақ теледидардағы жаңалықтардан тыңдадым. Оны 12 жастан жоғары балаларға салады. Өзім 9-кластың жетекшісімін, балаларым 14-15 жаста.

Ата-аналардан баласына вакцина салғызатын-салғызбайтынын сұрадым. Олардың жауабы екіге жарылды.

Бірі «Болашақта балаларымыздың денсаулығына кесірін тигізбесе, өміріне қауіп төнбесе, салдырамыз, баламыздың өміріне, денсаулығына жауаптымыз» деп рұқсат беріп отыр. Екінші топ «Бала кейін ұрпақсыз өтеді, қандай да бір ауруға шалдығады» деген ақпараттан қорқып, салдыртудан бас тартты.

Ал оқушылар ата-анасына қосылады. Жартысы «Салдырамын», «Ауырсам, вакцинаның арқасында одан жеңіл өтемін» дейді, екіншісі салдырмауды жөн көреді.

Негізі балалар бұл жаңалықты теледидардан көріп, өздері сұрады. «Бұл не вакцина», «Салдыруымыз керек пе», «Ауырып қалмаймыз ба?» деген сауалдары көп. Вакцина салдырмаймыз деген оқушыларға екпенің пайдасын айттым, дегенмен соңғы шешімді өздері қабылдайды. Қинамаймыз. Ал екпе салдырамын деушілерге ата-анасынан рұқсат алуы қажет екенін ескерттім.

Ирина Орысбаева, ата-ана:

Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салдыруды мүлдем қолдамаймын. Қарсымын.

Себебі ересек адамдардың өзі вакцина салдырғаннан кейін жағдайы нашарлап жатқан жағдайларды білемін. Олай болса, бұл баланың организміне тіпті ауыр болуы мүмкін.

Өзімнің екі ұлым мектепте оқиды. Pfizer вакцинасының АҚШ-тан шығарылатынын білемін. Не де болса, оны балаларға салғызуға қарсымын. Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салуға болмайды деп есептеймін.

Манар Смағұл, эпидемиолог, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қызметкері:

Pfizer — немістің Biontech компаниясы әзірлеген COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина. Ол америкалық Pfizer және қытайлық Fosun Pharma-мен ынтымақтастық кезінде жасалды. Вакцина Comirnaty (Комирнати) деген тауар белгісімен де таратылады. Вакцина мРНҚ негізінде SARS-CoV-2 тудыратын коронавирус инфекциясының алдын алуға арналған.

Pfizer вакцинасын 141 елде қолдануға рұқсат етілген. Вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынған. Вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық консультативтік комитет оның сапасы мен қауіпсіздігін мұқият зерттейді. Pfizer-дің SARS-CoV-2-нің инфекциясына қатысты тиімділігі — 95%.

Бұл екпе COVID-19-дың алдын алуға, эпидемиология жағдайын тұрақтандыруға және ұжым иммунитетін қалыптастыруға арналған.

12-15 жас аралығындағы балалардың қатысуымен жүргізілген клиникалық зерттеулердің 3-фазасы осы жастағы балалар үшін Pfizer-дің өте тиімді екенін көрсетті. Соның нәтижесінде бұл вакцинаны 12-16 жастағы балаларға және ересектерге салуға болатыны анықталды.

Деректер жасөспірімдердің, әсіресе, жасы үлкен жасөспірімдердің SARS-CoV-2 вирусын жұқтыру ықтималдығы ересектермен бірдей екенін көрсетеді.

ДДСҰ басым топтар осы вакцинаның екі дозасын алған жағдайда ғана оны 12-16 жастағы балаларға салу мәселесін қарастыру керек екенін айтады.

ДДСҰ мәліметі бойынша жүкті әйелдердің коронавирустың ауыр түрін жұқтыру қаупі жоғары. COVID-19 мерзімінен бұрын босануға себеп болуы мүмкін. Ерте туған нәресте қарқынды терапияны қажет етеді.

Елімізде бұл вакцинаны жүктілік мерзімі 16-37 апта аралығындағы әйел ала алады. Ал босанған әйел туғаннан 42 күн өткеннен кейін Pfizer-ді салдыруына болады.

Омырауда сүт түзілетін лактация кезеңінде салынған вакцина тиімділігі ересек адам алған екпе тиімділігіне ұқсас болуы мүмкін.

ДДСҰ бұл вакцинаны бала емізетін әйелдерге басқа ересектермен қатар салдыруды ұсынады. Ал вакцинацияға байланысты баланы емізуді үзуді ұсынбайды.

Көптеген ата-ана баласына вакцинаны салдырғысы келмеуі мүмкін. Себебі вакцинаның қауіпсіздігіне алаңдайды. Вакцинаның сынақтары толық аяқталмаған кезде өсіп келе жатқан организмге қалай әсер ететінін ойлайды. 12 жастағы балалар арасында зерттеу жүргізілді, жасы олардан да кіші балаларға да зерттеу жүргізіледі.

Вакцинаның салыстырмалы түрде жылдам дайын болуы оның сапасының төмен екенін немесе әзірлеу кезінде белгілі бір маңызды нәрсені ұмыт қалдырғанын білдірмейді. Вакцинаның қауіпсіз екені дәлелденді, сол себепті ол ДДСҰ тіркеуінен өтті.

Кейбіреу балалардың қауіп тобына жатпайтынын айтып, оларға вакцина неге керек деп ойлайды. Балалардың қауіп тобында емес екені және олардың COVID-19 инфекциясын жұқтыру қаупі төмен екені рас. Дегенмен олар аурудың жеңіл түрімен ауырып, инфекцияны отбасының басқа мүшелеріне, басқа ересек адамдарға жұқтыруы мүмкін.