Петропавлдағы апат: «СолтҚазЭнерго» АҚ-тың Бас директоры қамауға алынды

Петропавлдағы апат: «СолтҚазЭнерго» АҚ-тың Бас директоры қамауға алынды
Cурет: Ашық дереккөз

Петропавлда қазандық цехында мұржасы опырылып түсіп, апат орын алған №2 жылу беру орталығы қарайтын «СолтҚазЭнерго» АҚ-тың Бас директоры қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz СҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2022 жылдың 1 сәуірінде ҚР Қылмыстық процессуальдық кодекстің 128-бабы тәртібі бойынша СҚО ПД қызметкерлері «СолтҚазЭнерго» АҚ-тың Бас директоры ұсталып, Петропавл қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды»,-делінген хабарламада.

Қылмыстық істі тергеу ҚР ІІМ, прокуратура және облыстық ПД басшылығының жеке бақылауына алынды.

2022 жылы 20 наурызда сағат 19.20-да СҚО ТЖД-ға «СолтҚазЭнерго» АҚ-ға қарасты ЖЭО-2-нің қазандық цехында мұржа опырылып түсіп, апат орын алды.

Кезекші ауысымды тексеру кезінде қазандық цехындағы құрал-жабдықтарды аралап тексеруші, 1984 жылғы машинист әйелдің жоқ екені анықталды. Кейіннен оның денесі үйінді астынан табылды.

29 наурызда аталған жылу беру орталығында тағы апат орын алды.