Петропавлда балықшының қармағына мылтық ілікті

Петропавлда балықшының қармағына мылтық ілікті
сурет: Inform.kz

Қауіпті «олжаны» полицейлерге тапсырды 

Солтүстік Қазақстан облысында өзеннен балық аулаймын деп, қармағына мылтық іліктірген тұрғын қаруды полицияға тапсырды. Тәртіп сақшылары оның бұл әрекетін оң бағалады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, петропавлдық балықшының қармағына ерекше «олжа» түскен. Маусым айының соңында қаланың 26 жастағы тұрғыны Борки кентінде Есіл өзенінен балық аулауға барады. Айтуынша, қармағына бір ауыр нәрсе іліккен. Ол мылтық болып шығыпты. Бұл туралы жігіт «102» нөміріне хабарлап, қауіпті «олжаны» полицейлерге тапсырады.

«Жігіттің қаруды тауып алғаннан кейін бірден полицияға хабарлағаны дұрыс болды. Тіркелмеген қаруды сақтауға тыйым салынғаны туралы естеріңізге саламыз. Қаруды ішкі істер органдарына өз еркімен тапсыру, тапсырған адамның әрекетінде басқа қылмыстық құрам болмаған жағдайда, заңсыз сақтағаны үшін жауапкершіліктен босатады», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Мәдиев.

Ал, табылған мылтық сараптамаға жіберілді. Нәтижесінде, оның тіркелмеген 12 калибрлі қос ұңғылы «ТОЗ-34» аңшы мылтығы екені анықталды. Зерттеу аяқталған соң, қару жойылады. Жыл басынан бері СҚО-да тұрғындар өз еркімен тіркелмеген 9 қаруды тапсырған. Полиция қызметкерлері тіркелген қарудың дұрыс сақталуын қадағалап, сонымен қатар заңсыз сақталған қаруды алу бойынша жұмыстар жүргізеді. Жалпы облыста қаңтар айынан бері заңсыз айналымнан 53 қару алынған.