Періште

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Жаңа өмірдің есігін ашуына бір күн қалғанда жатырдағы шарана Алладан сұрапты:

– Мен жарық дүниеге не үшін бара жатқанымды білмеймін. Сонда мен ол жақта не істеуім керек? – деп. Алла Тағала:

– Мен саған әрдайым жаның­нан табылатын Періште сый­лаймын, ол сосын өзі-ақ саған бәрін түсіндіреді, – деп жауап береді.

– Ал мен оны қалай түсінемін, тілін де білмеймін ғой.

– Періште сені өз тіліне үйрететін болады. Ол ылғи да сені барлық пәле-жаладан сақтап, қорғап жүреді.

– Ендеше менің періштемнің аты кім?

– Оның атының кім екендігі маңызды емес, оның есімі көп, бірақ қаласаң сен оны АНА деп атасаң болады, – дейді.

 

Нәресте анадан дәптердің ақ парағындай тап-таза болып туылады. Сенгіш, аңқау, қулық-сұмдық, алдап-арбау, өтірік-өсек дегеннен ада. Алғашқы күннен бастап сол қардай аппақ парақ­тарға не жазылады, бөбек солай жетіліп, өсіп-өне бастайды. Ақ парақтай демекші, олар айнала­сындағы құбылыстарды сол қалпында қабылдайды, сондықтан да тілдері де балдай, МӘСЕЛЕН…

Ұлымды көтеріп күнде таза ауаға серуенге шығамын. Қыс мезгілі. Сегіз айлық ұлым сыртқа шыққаннан аузы әнтек ашылып рахаттана ұйықтап кетті. Қол арбасына жатқызып қойып, есік алдында отырмын. Жанымда 6 мен 3 жас аралығындағы екі балақай ойнап жүрді. Айту­ларынша, біздің үйге жаңадан көшіп келіпті. Әлгі екі құлын­шақтың үлкені – қыз бала елгезек, еркіндеу, пысық көрінді. Жаныма жетіп келіп, сәби арбасына үңілді де:

– Ұл ма, қыз ба, балаңыз қанша жаста, тәте? – деді тық-тық етіп.

– Әлі жасқа толған жоқпыз, сегіз айлық.

– А-а, ендеше әлі нөлде екен ғой, – деді де алаңсыз күйде лақ­ша секіріп ойнап кете барды.

 

***

Сүйкімді Шыңғыс балабақшаға жиналып жатыр. Бүгін кеше нағашы апасы әкелген әдемі джинсы шалбарын киді.

– Түу-у, біздің Шыңғыс қандай сымбатты болып кеткен! Балабақшадағы қыздардың бәрі бүгін құлайтын болды ғой енді! – деді тәтесі сүйсініп.

Таңертеңгі сөз құлағында қалып қойған, кешке балабақ­шадан оралған Шыңғыс:

– Тәте, қыздардың бәрі құлайды дегеніңіз қайда, ешкім де құлаған жоқ! – деп аңқиып қарап тұрды.

 

***

– Анашым, ертеңге 500 теңге беріңізші?

– 500 теңге жоқ, балам!

– Онда 600 теңге беріңіз.

– …

 

***

Жазу-сызуда көзілдірік киемін. Сосын ине ұстағанда, тырнақ ал­ғанда, дүкенге барғанда тауардың жарамдылық мерзіміне үңілерде киемін.

Тым жақыннан көз көрмейді.

Көзілдірігім жұмыста үстелімде тұрады. Ал үйде…

«Балам, көзілдірігімді әкеліп бере қойшы». «Құлыным, көзіл­дірігім қайда қалды екен, көре салшы» деймін ғой баяғы.  Кө­зілдірігімді әрі-бері тасып жа­лыққан Шұғы­лам­:

– Түу, анашым, көзілдірігіңізді үнемі киіп жүріңізші тегі!  – деп кә­дімгідей «ұрсып» тастады маған.

 

***

Бүгін Шұғыламның табеліне қол қойдым. 2-сыныбын да «үздік» бітірді. Мен де, өзі де риза.

– Балмұздақ алып беріңізші,  – деді ол ең қолайлы сәтті пай­дала­нып.

– Жақсы. Айтпақшы, бағана апай ұсынған табеліңнен байқап қалдым, төртінші тоқсаныңдағы математикада «4-тік» тұр ғой, – дедім. Сондағы оның:

– Қалайша? Сіз өзі көзілді­рігі­ңізді киіп қарап па едіңіз?! – дегені.

Шырағымыз сөнбесін!

 

***

Олжас пен Шұғыла сурет са­лып отыр. Бір кезде іштері пысты ғой деймін, екеуі қағазды жұ­марлап бір-біріне лақтырып ойнай бас­тады.

Шашқан орындарын жинап жүріп, ұлым жазған мына жазуды тауып алдым:

«Сәби, Бүлдіршін, Бала, Боз­бала, Жігіт, Азамат, Әке, Ата, Пока» депті.

Қалай түсіндіңіз?..

 

***

Алматының «Саяхаты». Ығы-жығы халық. Жанымызда екі жігіт тұр. Әңгімелері қызу.

– Өй шш…ң-ң-ң, мен оған ес­керт­кенмін, жәйіңе жүр деп. Ш…а… с.., – деп жерге шырт еткізіп түкіріп қойды қараторысы.

– Анашым, осы, үлкендер бо­ғауыз сөздерді неге айтады? Бо­ғауыз сөздерді ойлап тапқан шай­тан шығар, ә? – деді кішкентай Олжасым.

Қапелімде сөз таппай, үнсіз қалдым. Үнсіздігімді ұлым келіс­кендікке балады…

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *