Пайдаланылмай жатқан 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылады

Пайдаланылмай жатқан 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылады
Сурет: Ult.kz

Пайдаланылмай жатқан 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Жер мәселесіне келетін болсақ, бүгінгі таңда мемлекетке 2,9 млн гектар пайдаланылмайтын жер қайтарылды және жыл соңына дейін 5 млн гектарға жеткізіледі. Келесі жылдың соңына дейін қосымша тағы 5 млн гектар пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері бойынша нақты шешімдер қабылданатын болады», - деді Ербол Қарашөкеев.

Осы ретте министрдің айтуынша, мұндай көлемді жұмысты орындау үшін қосымша 200 штат бірлігін бөле отырып, жер инспекциясын нығайту керектігіне назар аудартты.

«Сондай-ақ аудан әкімдері және жер қатынастарына жетекшілік ететін облыс әкімдіктерінің орынбасарлары жалға берілген жерлерді анықтау бойынша мониторингті жүзеге асыру функцияларын тиісінше орындамаған жағдайда, олардың жауапкершілігін күшейту қажет деп санаймын», - деді ол.