ПАТРИОТ БОЛУ – ӨЗ ОТАНЫН ШЕКСІЗ СҮЮ
- Кинокеңістік
Балнұр АХМЕТ
Егемен елімізде күннен-күнге қанат жайып келе жатқан отандық киноиндурия көпшілік көрерменге көтеріңкі көңіл-күй, рухани қуаныш сыйлауды әдемі дәстүрге айналдыра бастады. Міне, осы орайда, жақында елімізде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы тапсырысымен түсірілген «Оралу» фильмінің тұсаукесері өтті. «Қазақфильм» киностудиясы мен «Көркем фильм» кинокомпаниясы бірігіп түсірген фильмнің түсірілімі Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ, Алматы облысындағы Тұрар ауылында өткен. Жауқазын жастардың жүрегінде туған жерге, туған елге деген шексіз сүйіспеншілік сезімін оятатын фильмнің басты кейіпкерлерін Санжар Мәдиев, Аружан Жазылбекова мен Обонна Эндэбуезе сомдады. Отандық фильмнің тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихатында «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай мен фильмнің режиссері Рашид Сүлейменов туынды туралы өз ойларымен бөлісті.
– Ұзақ уақыт шет елде өмір сүрген Мақсат есімді фильмнің басты кейіпкері атадан қалған мұра үшін өзінің Отанына оралғанда мыңдаған жастардың өміріндегі оңды өзгерістерді байқайды. Бұл жағымды жағдай мемлекеттегі жастар саясатының игі ықпалының арқасында жүзеге асырылады. Фильмнің негізіне мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050», «Нұрлы жол» бағдарламалары мен Елбасының халыққа Жолдауларындағы терең философиясы астарланған, – деді «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай.
Ал, өз сөзінде еліміздегі жастар саясатының маңыздылығын атап өткен кинорежиссер әрі сценарий авторы Рашид Сүлейменов фильмге жан бітіруге Елбасының еліне деген махаббаты септігін тигізгендігін жеткізді.
– Бұл туындыны қолға алуға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігі шабыт берді. Фильмнің негізіне Елбасының Жастар саясаты енгізілген. «Патриот болу – Қазақстанды жүрегінде сақтап жүру» деген мемлекет басшысы. Фильм арқылы осы ойды жеткізе алдық деген ойдамыз. Туындының өнбойынан патриотизм тақырыбының лебі сезіліп тұрады, – деді ол.
Толықметражды жаңа фильмнің басты қаһарманы – Мақсат Еуропада тұратын азамат. Шетелдік ірі компанияда қызмет ететін ол кейде жұмыс бабымен немесе іссапармен келгенде ғана өз Отанын ұшақ терезесінен көреді. Алайда, алыста қалған ауылдағы атасының қазасы өзге елде жүріп толағай табыстарға қол жеткізген кәсіпкер жігіт өмірін бір сәтте-ақ өзгертіп жібереді. Атасынан қалған жылқы фермасын сату үшін бірнеше күнге туған жеріне келген жас жігіт енді ауыл өмірінің өңі өзгергендігін көреді. Тағдыр жігерлі жігітті тал бойына ұлттық құндылықтарды ұялатқан Аружан есімді бойжеткенмен кездестіреді. Тамыры тірілген туған ауылының тіршілігіне үңілген жас кәсіпкер қазіргі таңда тамаша мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін өз Отанында да барлық жағдай жасалғандығын түсінеді.
Туған жердің топырағын басқан сәттен бастап тарихи түпкі тамырын, қасиетті қазығын тапқан Мақсаттың жан-дүниесінде айналадағы қоршаған әлемге деген көзқарасы өзгереді. Туған жерден жырақта күн кешкен кейіпкер енді ауыл атты алтын аймақтан, ыстық ұясынан ешқашан ешқайда кеткісі келмейді. Енді ол құшақ жая қарсы алған Отан-Анасын, өзінің алақандай ауылын әлемнің ешбір әсем қаласына айырбастағысы келмейтінін сезінеді. Қасиет тұтқан ата-бабасының жерінде жаны сая тапқан жас жігіт енді өз өмірін өзге елде елестетпейді. Туған топырағынан тұла бойына күш-қуат алған Мақсат келешегін жат елдегі жарқыраған жат өмірмен жалғағысы келмейді. Қаланың қарбалас өмірі мен ауылдың қоңыр тіршілігі бейнеленген бұл фильм адамзатқа туған жерін сүюді үйретеді, көрерменге Отан-Ананың құдыретін сезіндіреді.
Сондай-ақ, бұл отандық туынды әрбір ойлы көрерменге Отан-Анасы мен өзінің жанұясы – адамзат өміріндегі ең ұлы құндылық екендігін түсіндіреді. Отан – батыр бабаларымыздың ұрпақтан ұрпаққа қалдырған аяулы аманаты болып көрінеді. Міне, бұл фильм аталарымыздың асыл аманатын ардақтау қажеттігін жас толқынның жүрегіне жылы жеткізеді. Тамыр жайған атамекенінен алыстамау туралы адамзатқа терең ой тамызатын фильм «Отан! Отан! Бәрінен биік екен!» деген Мұқағали Мақатаевтың парасатты пікіріне көрерменнің көзін жеткізеді. Жас ұрпақтың жүрегінде Отан-Анасына деген сезімін асқақтататын, өмірлік құндылықтарды қастерлеу қажеттілігі туралы ойландыратын фильмнің құндылығы міне, осында!
Айдын МОЛДАЖАНОВ,
«Алматы тазалық» кәсіпорнының басшысы:
Бар қазаққа ой салатын фильм
– «Оралудың» көтерген мәселесі өзекті. Жастардың ғана емес, бар қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алатын көркем туынды дер едім. Фильм шет елге кетіп, туған жерді ұмытқан қазақстандық азаматтың өмірі арқылы қалың көпшілікке ой салған. Отанға деген ыстық сезіміңді, елге, жерге деген махаббатыңды оятады. Рухыңды асқақтатады.
Білуімше, қазақстандық жоғары оқу орындары әлемнің көптеген университеттерімен өзара іскерлік байланыс орнатқан. Алыс-жақын шет елдерде және «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқандарда есеп жоқ. Бұл, әрине, жақсы ғой. Бірақ, оның «әттеген-ай» деген тұстары шығып жатыр. Мәселен, шет елде оқитын студенттеріміздің сол елдің мүддесіне жұмыс істеп қалып жататындары бар. Қай мемлекетке барса да олар барған мемлекеттің мәдениеті мен тарихынан сабақ алып, дыбыстарына машықтанып, сол тілді еркін меңгеруге мүмкіндік алады. Нәтижесінде, сол елде тұрақтап жатады. Олардың отандық ғылымға қаншалықты үлес қосатындары да белгісіз. Сондықтан мына біз көрген фильм – алыстағы осындай ағайындардың елге оралуына себеп болатын бірден-бір туынды деуге тұрарлық. «Оралу» арқылы өскелең ұрпақты туған елді қадірлеп, жерді қастерлеуге тәрбиелеуге әбден болады.
Гүлім МЫРЗАҚҰЛ,
Абай атындағы университеттің 3-курс студенті:
Патриоттық сезімге жетелейді
– Әсерлі фильм. Отанға деген, еліңе деген патриоттық сезіміңді арттырады. Киноны көріп, ерекше тебірендім. Тіпті, көзімнен жас та шығып кетті. Неге десеңіз, еліңе деген махаббатты, жеріңе деген сүйіспеншілікті кино актерлері керемет жеткізе білген. Бұл, әрине, менің пікірім. Бірақ, залда отырған көрерменнің барлығы осы күйді кешкені айтпаса да түсінікті болатын. Өйткені, қалың көпшілікті басты кейіпкер Мақсаттың мұрагерлікті заңдастыруға келіп, ақыр соңында райынан қайтып, әлгі ферманы сатпайтынын жеткізетін жерлері өте әсерлі болды.
Рас, өзге мемлекеттерге оқуға барып, сол елдің қаңсығын бізге таңсық етіп айтып жататын құрдастарым жоқ емес. Шет елде білім алудың жөні осы екен деп сол жақтың мәдениетін жыр етіп айтып жүретіндері қаншама?! Менің ойымша, ол маңызды емес, ең бастысы – ұлтыңның қадір-қасиетін бағалай білу, еліңді, туған жеріңді сүю, сол арқылы елге қызмет ету. Фильмнің идеясы да осы.