Парламент Әлеуметтік кодексті қабылдады

Парламент Әлеуметтік кодексті қабылдады
Сурет: ашық дереккөз

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексі мен ілеспе заңдар қабылданды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Әлеуметтік кодексті әзірлеу - халықаралық стандарттарға сай келетін әлеуметтік қорғау жүйесін құру жөніндегі мемлекеттік саясаттың стратегиялық маңызды шешімдері мен нәтижелерінің бірі. Әлеуметтік кодекс әртүрлі заңнамалық актілердің орнына әлеуметтік саясаттың құқықтық негізі болмақ, оның негізгі басымдықтары - халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру және азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру. Жүргізілген реформалардың нәтижесінде халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі құрылады және әлеуметтік қамсыздандыруға жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлінетін болады», - деді сенатор Ләззат Қалтаева.

Осы орайда ол құжаттардың негізгі бағыттарына тоқталды.

Мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың сомасын өсіру ескерілген. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып саналатын адамдарға, ерекше еңбегі үшін зейнетақы бекітілген адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар сомасын көтеру қарастырылған.

Депутаттың айтуынша, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі және бірінші топтағы мүгедектігі бар сотталғанға күтім жасауды жүзеге асыратын сотталған адамдарға мемлекеттік жәрдемақы алу құқығын беру қамтылған. Жәрдемақы сомасы шамамен 65 мың теңгені құрамақ. Қазіргі кезде бірінші топтағы мүгедектігі бар 54 адам сотталған.

Сонымен қатар жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін жеке көмекшілерді міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтамасыз ету ескерілген.

«Бұл норма бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін 30 мыңға жуық жеке көмекшіні міндетті әлеуметтік әрі медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді», - деді Л.Қалтаева.

Оның сөзіне қарағанда, қандастардың Қазақстанмен байланысын нығайту және елімізде олардың әлеуетін іске асыру мақсатында бизнес- иммигранттарға немесе этникалық қазақтар (басқа елдердің азаматтары) арасында кәсіптері бар адамдарға берілетін «Ата жолы» картасы ұғымы енгізілді.