Парапауэрлифтер Давид Дегтяровқа жаңа пәтер мен көлік кілті табысталды

Парапауэрлифтер Давид Дегтяровқа жаңа пәтер мен көлік кілті табысталды
Сурет: Inform.kz

Давид Дегтярев: «Жеңісімді тамаша еліме арнаймын»

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Токио Паралимпиадасынан жеңіспен оралған ақмолалық парапауэрлифтер Давид Дегтяревка жаңа пәтер мен көліктің кілтін тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде өңірде спорт саласы қарқынды дамып келе жатқанын, бұқаралық спортты дамыту үшін бірқатар шаруалар тындырылып жатқанын атап өтті. «Спорт саласында 2 мыңнан астам маман еңбек етеді. Өңірдің қалалары мен ауылдарында 2,5 мың спорт нысанында 240 мыңнан астам әуесқой спортшылар жаттығады. Давид Дегтярев ақмолалық атлеттердің даңқты жеңістері жылнамасында лайықты орын алды. Біз оның жетістігін мақтан тұтамыз және зор денсаулық пен табыс тілейміз», – деп атап өтті Ермек Боранбайұлы.

Е.Маржықпаев чемпионға көліктің кілтін және 3 бөлмелі жаңа пәтердің сертификатын табыс етті. Ал, оның жаттықтырушысы Юрий Колесников 5 миллион теңге алды. «Мен жеңісімді тамаша еліме арнаймын», - деді қуанышымен бөліскен Давид Дегтяров.

Айта кетейік, Токиода өтіп жатқан Паралимпидада ақмолалық парапауэрлифтер Давид Дегтярев Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальды салған болатын.