Паралимпиадашы Александр Герлицке бір бөлмелі пәтер беріледі

Паралимпиадашы Александр Герлицке бір бөлмелі пәтер беріледі
Сурет: Kapital.kz.

Қытайда өткен ойындар нәтижесі бойынша спортшылар мен жаттықтырушыларға 131 млн теңге берілген.

Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарының жүлдегері Александр Герлицке Солтүстік Қазақстан облысынан бір бөлмелі пәтер беріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде айтты.

«2016 жылғы Рио Паралимпиадасынан бастап паралимпиада және сурдолимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қаржылай сыйақылары өсіп, олимпиадалық спортшылармен теңесті. Сонымен қатар, алдағы таңда спорттық нәтижелерді ескере отырып ұлттық құрама жаттықтырушылары мен спортшыларының жалақыларын көтеру мәселесі қарастырылады», - деді комитет басшысы.

Сондай-ақ, ол Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарында 10 шақырымдық жарыста қола жүлде алған биатлоншы Александр Герлицке пәтер берілетінін айтты.

«Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарының нәтижелері бойынша спортшылар мен жаттықтырушыларға Үкімет тарапынан жалпы сомасы 131 млн теңге және «Дене шынықтыру мен спорт» туралы заң бойынша Александр Герлицке Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тарапынан бір бөлмелі пәтер беріледі», - деді Самат Ерғалиев.