Паралимпиада жүлдегерлері мен жеңімпаздарына лайықты құрмет көрсетілді

Паралимпиада жүлдегерлері мен жеңімпаздарына лайықты құрмет көрсетілді
Сурет: Otyrar.kz

Паралимпиадашылар еңбегі еленді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Давид Дегтярев III дәрежелі «Барыс» орденімен, Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариевтер «Парасат» орденімен, Нұрдәулет Жұмағали «Құрмет» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Жапония астанасы Токиода өткен XVI жазғы Паралимпиада ойындарына қатысқан спортшылармен кездесіп оларға мемлекеттік наградалары мен қаржылай сертификаттарын табыстады.

«Кеше ғана төрткүл дүние ерен ерік-жігердің, темірдей төзімнің, өмірге құштарлықтың куәсі болды. Жаратқан адамның мүмкіндігін шектегенімен, ниетін шектемейтінін көзімізбен көрдік. Токиода өткен Паралимпиада ойындарында тағдырдан теперіш көрген жандардың ерлігіне жер жүзі тік тұрып құрмет көрсетті. Олай болуы заңдылық еді. Өйткені олар тепсе темір үзетін, он екі мүшесі дін-аман, дені сау кей адамдар жете алмаған жетістікке жетіп, белесті бағындырып, жеңіс туын желбіретті. Расында, бұл қандай құрметке де, қошметке де лайық әрекет», – деді Қырымбек Елеуұлы.

Сонымен қатар Токио Паралимпиадасы еліміз үшін аса табысты болғанын, дүбірлі додада қазақстандық спортшылар 5 медаль иеленіп, еліміз үшін рекордтық көрсеткіш орнатқанын атап өтті. Қырымбек Көшербаев іс-шара барысында алтын медаль алған Давид Дегтяревке 106 миллион теңге, күміс медальге ие болған Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариевтерге 63 миллион теңге, қола жүлдегер атанған Нұрдәулет Жұмағалиге 31 миллион теңге қаржылай сыйақы табыстады. Салтанатты іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. Жиын соңында Қазақстан спортшыларының атынан Давид Дегтярев пен Теміржан Дәулет сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына алғыс айтты.