Пандемия қоқысты да көбейтті

 

 COVID-19 пандемиясы адамзатқа ғана емес, қоршаған ортаға да теріс әсер етуде.

Карантин кезінде ауа тазарып, табиғат бір түледі деп қуанғанымызбен, бұл індеттің қоршаған ортаға тигізер зияны орасан екенін айтып мамандар дабыл қағуда. Айталық, әлемдегі жағдайға байланысты АҚШ-та көптеген қауымдастықтар қалдық өңдеуді, кейбір өңірлер қалдық сұрыптауды тоқтатыпты. Көптеген елде мейрамханалар мен кофеханалар тағамды сатып алушылардың өз ыдысына құйып беруді қойды. Дүкендерде әрбір тоқаш жеке пластик пакеттерге оралады. Яғни қоршаған ортаға зиянды пластик пакеттер мен ыдыстар бұрынғыдан да жиі қолданыла бастады.

Қазір халық табысының көп бөлігін, негізінен, азық-түлік пен дәрі-дәрмекке жұмсайды. Артық шығынның болмағаны жақсы, әрине. Алайда, адамдар қазір вирус жұқтырудан қорыққандықтан, әр алманың жеке пакетте оралғанын қадағалайды. Күніне бір адам бірнеше бетперде, резина қолғаптар, басқа да қайта өңделмейтін заттарды қолданады.

Өткен жылы Уханьда эпидемияның қызған кезінде госпитальдар күн сайын 200 тонна медициналық қалдық шығарып отырған (әдеттегі уақытта бұл көрсеткіш 50 тонна). Бүкіл әлем бойынша да бірреттік қолғаптар мен бетперделер сияқты қалдықтар бірнеше есеге көбейген.

Денсаулықтың қауіпсіздігі үшін бетпердені бірнеше сағат сайын ауыстыру керек екенін бәріміз білеміз. Өйткені, қазір бетперде мен медициналық қолғаптарды тек ақ халаттылар ғана емес, сонымен қатар дүкендегі сатушылар, жеткізу қызметінің өкілдері де, кез келген қарапайым адамдар да пайдаланады. Әрине, өз қауіпсіздігіміз үшін бұл заттарды пайдалануымыз керек, алайда медициналық заттардың қалдықтарын қайтеміз, ол жайлы да  ойланғанымыз жөн. Өйткені, мұндай қалдықтардың бейберекет шашылуы табиғатты ластауда.

Осы ретте қалалардағы дезинфекция туралы да айтпауға болмайды. Кейбір жерлерде дезинфекциялық заттармен тұтас көшелер, тротуарлар мен көгалдар, көлік аялдамалары мен тіпті жағажайлар өңделеді. Өңдеу кезінде химиялық улы заттар қоршаған ортаға түседі, демек, жабайы жануарлар мен адамдардың денсаулығына әсер етуі мүмкін.

Mer Propre қауымдастығының негізін қалаушы Лоран Ломбардтың айтуынша, бүгінде француз экобелсенділері COVID-19 пандемиясына байланысты әлемдік мұхиттағы қоқыстың көбеюіне орай дабыл қағуда. «Көп ұзамай мұхиттағы бетпердедер медузалардан да көп болады» деп экологтар ескерту айтқан. Қазіргі уақытта қоқыстың 1%-ынбетперделер, қолғаптар және антисептиктердің пластикалық бөтелкелері құрайды екен. Болжам бойынша бұл сан әлі де өседі, өйткені барлық елдер жеке қорғану құралдарына өздерінің мемлекеттік тапсырыстарын арттырды.

Қазір Қазақстан қалаларының көшелерінде қоқыстың түрі көбейді. Мысалы, Алматы маңындағы тау соқпақтарында жаяу туризм әуесқойлары қалдырған бетперделер мен резеңке қолғаптар, пластик бөтелкелер, басқа да қоқыс аз емес.

Жеке қорғаныс құралдарының зияны пластикалық пакеттер немесе бөтелкелерден кем түспейді. Мұндай қалдықтар ондаған, жүздеген жылдар бойы шірімей, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Біз соңымыздан осындай қалдықтарды қалай болса солай лақтыру арқылы келер ұрпақтың болашағына баяу әсер ететін «бомба» қалдырып отырмыз. Мұндай жағдайда не істеу керек? Ең болмаса, медициналық және басқа да қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін зияндылығын сәл де болса азайту үшін келесі ережелерді сақтаңыз.

Сақтық шаралары үшін көпреттік бетперделерді пайдалануға болады. Оларды дәріханадан сатып алуға немесе дәке, мақта немесе басқа матадан тігіп алуға болады.

Қауіпсіздік шараларын елемеуге болмайды. Бірақ өз тарапыңыздан экологияға да зияныңызды тигізбеңіз.

Жадыңызда жүрсін

  • Бетперде тақпас бұрын қолыңызды сабынмен жуыңыз. Бетперде тағып жүрген кезде оған қол тигізбеуге тырысыңыз. Егер бетпердені ұстап қойсаңыз, қолыңызды қайтадан сабындап жуыңыз.
  • Бір рет қолданылатын медициналық бетперделерді қайта дезинфекциялап, қолдану мүмкін емес, оны шамамен әрбір екі сағат сайын ауыстыру қажет.
  • Қолданылған бетпердені жою үшін бетпердені бауынан  мұқият ұстап, қағаздан жасалған қалтаға салып, содан кейін жабық қоқыс жәшігіне немесе жалпы қалдықтарға арналған контейнерге салу керек.
  • Пайдаланылған бетперделерді қайта өңделетін шикізатқа арналған контейнерлерге, көшедегі қоқыс салатын жәшіктерге тастауға, кәріз құбырларына ағызуға болмайды. ⠀
  • Мүмкіндігінше, бетпердені тастамас бұрын дезинфекциялаңыз. Оны ұстағаннан кейін қол жууды ұмытпаңыз.

Айнұр СЕНБАЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *