Пандемия басталғалы 1800-ден астам жалған ақпарат тараған

Пандемия басталғалы 1800-ден астам жалған ақпарат тараған
Сурет: Karasayinfo.kz

Кемелбек Ойшыбаев: Пандемия көптеген өсек-аяңның туындауына, фейктердің таралуына түрткі болды

Бұл туралы «Astana Media Week – 2021» медиа апталығы аясындағы «Медианы дамыту стратегиясы» атты дөңгелек үстел барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. 

Пандемия басталғаннан бері 1 800-ден астам фейк ақпарат әшкереленді.

«Ең алдымен ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы тек қана аудиторияның қалауын ғана емес, сонымен бірге саланың негізін де өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. Цифрлық технологиялар дамығаннан кейін ақпарат БАҚ-тың монополиясы болудан қалды және ақпарат біржақты таратылмайды. Яғни, интернет пен әлеуметтік желінің дамуы себепті БАҚ-та монополия жоқ. Ендігі уақытта БАҚ өзінің қызметін өзгертіп, бұқаралық ақпарат құралынан бұқаралық коммуникация қызметіне айналып барады.  Қазіргі уақытта БАҚ қызметі бұрынғыдай ең алдымен ақпараттандыру емес. Қазіргі уақытта әлеуметтік желінің кез келген қатысушысы ақпарат таратады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта БАҚ-тың негізгі қызметі белгілі бір ақпараттың мән-жайын нақтылау, сарапшыларды тарту арқылы орын алған жайтты түсіндіру және қажет болған жағдайда ақпаратты терістеу болып отыр.

«Біз байқап отырған екінші өзгеріс - пандемия халықпен өзара іс-қимылдың стратегиясы мен жаңа әдістерін қайта қарау қажеттігін жеделдетті», - деді вице-министр.

Кемелбек Ойшыбаев пандемияның көптеген өсек-аяңның туындауына, фейктердің таралуына түрткі болғанын және бұл көптеген елдер үшін күрделі проблемаға айналғанын айтты.

«Біздің міндетіміз қоғам қорқынышымен күресу болды. Әдістерді өзгертуге де тура келді. Бұрынырақ та аз болмаған фейктер өткір маңызға ие болып, олардың таралуы арта түсті. Тіпті Stopfake.kz арнаулы ресурсын құруымызға да тура келді. Жоба «медиаға арналған медиа» қағидатымен жұмыс істейді. Күн сайын сайт материалдарын ірі басылымдар көшіріп басады. Пандемия басталғаннан бері коронавирус, пандемия, вакцинация және жалпы Қазақстан туралы 1 800-ден астам фейк әшкереленді», - деді ол.