«Өзін-өзі тану» сабағы мектеп бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін

«Өзін-өзі тану» сабағы мектеп бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін
Сурет: Sputnik.kz

Қоғамдық талқылаудың мерзімі 5 қазанға дейін белгіленген.

Оқу-ағарту министрлігі «Өзін-өзі тану» сабағын алып тастау туралы бұйрықтың жобасын жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Ашық НҚА» сайтында министрдің «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын бекіту туралы» 2018 жылғы 29 қыркүйектегі 522 бұйрығының күші жоюды көздейтін құжаттың жобасы талқылауға шығарылды.

Қоғамдық талқылаудың мерзімі 5 қазанға дейін белгіленген. Халық қолдаса, сабақты алып тастайды. Талқылаудан кейін бұйрыққа қол қойылады. Осы құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Айта кетері, 2001 жылы «Өзін-өзі тану» пәні эксперимент ретінде қолға алынған болатын. Ал 2009 жылы мектеп бағдарламасына енгізілді. Жобаның авторы – тұңғыш президенттің жұбайы Сара Назарбаева.