Өзін-өзі сақтандырудың тәртібі қандай?

Өзін-өзі сақтандырудың тәртібі қандай?
Сурет: 24.kz

2022 жылдың қыркүйегінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды сақтандыру тәртібі өзгерді.

Бұдан былай аталған санаттағы тұрғындар алдағы 12 айға жарна төлеп сақтандыру жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мәселен, МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалану үшін пациент осы жылдың қыркүйек айынан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жарна аудара алады. Жалпы жаңа механизм қалай жұмыс істейді? Бір жылға сақтандыру статусына ие болу үшін қанша уақыт кетеді? Жаңа тәртіпке қатысты сауалдарға МСҚ Алматы филиалы өкілдері жауап берді.

* Мен соңғы 12 ай бойы МӘМС жарнасын ай сайын төлеп келемін. Енді алдағы 12 ай үшін де төлеуім қажет пе? Әлде ары қарай да ай сайын төлей берсем бола ма?

Жарнаны әр адам өз қалауынша төлей алады. Егер уақтылы төлеп жүрген болсаңыз, бұрынғыша ай сайын аудара берсеңіз болады. Сондай-ақ, әр тоқсанға немесе бір жылға алдын ала төлеуге де мүмкіндік бар.

* Бұрын-соңды жарна төлемеген едім. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бір жылға сақтандырылуға бола ма әлде өткен айлардың қарызын да өтеуім қажет пе?

Бұл өзгеріс азаматтардың жүйеге қосылуына мүмкіндік беру мақсатында енгізіліп отыр. Сіз ағымдағы ай мен алдағы 12 айдың жарнасын қоса төлеген жағдайда 3 күннен кейін сақтандыру статусына ие боласыз.

* Жарнаны ара-арасында төлеп жүрдім. «Сақтандырылған» статусына ие болу үшін жарна төленбеген айларға қордаланған қарызды өтеуім қажет пе? Әлде бірден 12 айға жарна төлеуім керек пе?

Сіз жарна аударылмай қалған айлардың қарызын өтесеңіз сақтандыру жүйесіне қосыласыз. Төленетін қарыз мерзімі 12 айдан аспауы тиіс. Немесе алдағы бір жылға төлесеңіз де болады.

* Алдағы бір жылға жарна төлеп сақтандырылдым. Одан кейін жарна аудармасам, статусымнан айырылып қалам ба?

Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден басқа санаттардың статусы соңғы жасалған жарнадан кейін 3 ай бойы сақталады. Бірақ бұл жарна төлеу міндетінен босатпайды. Үш айдан кейін өткен айлардың қарызы жабылмаса, сақтандыру статусы жойылады.

* Сақтандыру жарнасы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты өзгеріп отырады. Келесі жылы Қазақстанда ЕТЖ 70 мың теңгеге өседі деп хабарланды. Ендеше өзін-өзі сақтандыратындар төлейтін жарна мөлшері де өзгере ме? Келер жылдың жарнасы қандай болмақ?

Жарна мөлшері әдетте 1 қаңтарда (белгілі бір қаржылық жылдағы мөлшер бойынша) белгіленеді. Қазіргі таңда өзін-өзі сақтандырушылар ЕТЖ-ның 5 пайызын төлейді (60 мың теңгенің 5% – 3000 тг). Яғни, келесі жылдың жарнасын биыл төлейтін болсаңыз, жарна қолданыстағы мөлшер бойынша есептеледі. Мәселен, 2021 жылдың қарызын өтеу үшін 2125 теңге төлейсіз. Себебі өткен жылы ЕТЖ 42500 теңге болатын, оның 5% 2125 теңге болатын. 

* Мен бір жылға жарна төлеп сақтандыру жүйесіне қосылдым делік. Содан кейін жеңілдігі бар санатқа енетін болсам, төленген соманы қайтарып алуға бола ма?

Жаңа талап бойынша, бір жылға алдын ала төленген төлемдер қайтарылмайды. Жалпы, сақтандыру жүйесінде артық немесе қате төленген төлемдерді қайтарып алуға болады. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-на барып өтініш жазу қажет (Алматы қаласындағы мекен-жайы: Жандосов көшесі 51, Әуезов аудандық ХҚКО, 2-қабат, 3-кабинет).

 * Бұған дейін жеңілдік санатында болдым. Алдағы бір жылдың жарнасын төлеуім қажет пе? Әлде ай сайын төлей беруге бола ма?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң бойынша, Қазақстанның барлық азаматтары және ықтиярхаты бар шетелдіктер жарна төлеуге міндеттелген. Бірақ жарна төлеу тәсілін әр адам өз қалауынша таңдайды. Статустан айырылып қалмас үшін, жеңілдік санатынан шыққан айдан бастап жарна төлей бастасаңыз жеткілікті.

* Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлейтіндер бір жылға статус ала ала ма?

Бұл механизм өзін-өзі сақтандырушыларға ғана арналған. Егер ол санатқа өткіңіз келмесе БЖТ төлемдерін ай сайын немесе жылдың соңына дейін төлеп тастауға болады. Өкінішке орай, екінші деңгейлі банктер әзірге жиынтық 2023 жыл үшін БЖТ қабылдамайды. Себебі келер жылдан бастап БЖТ мөлшері өзгеруі мүмкін.

ҚР Салық кодексінің 774 бабы бойынша, жиынтық төлемді консультациялық, маркетингтік, аудит, бухгалтерлік қызмет, сақтандыру, заң, юстиция саласына қатысты қызметтерді көрсететіндер, шетел азаматтары, жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер, коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға берушілер төлей алмайды.

Маңызды

МӘМС жүйесіндегі статусты телеграмм арнасындағы Сақтандыру бот (https://t.me/SaqtandyryBot) арқылы, фмс.кз сайты мен Qoldau 24/7мобильді қосымшасы арқылы  анықтауға болады. Төлем туралы ресми құжатты электронды үкімет порталы eGov.kz береді.

Жарнаны бірден 12 айға төлеген кезде әр айға бөліп төлеу қажет. Сонымен қатар, ЖСН, төлем жасалатын ай мен жылды қатесіз көрсету маңызды. Қателесіп бір айға бірнеше рет төлеп қойсаңыз немесе ЖСН дұрыс көрсетілмеген жағдайда, ақшаны қайтару үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына арыз жазу қажет.  Жарнаны екінші деңгейлі банктер, банктердің мобильді қосымшалары, терминалдар немесе «Қазпошта» АҚ арқылы төлеуге болады.